Қараша айында Қазақстандағы инфляция 0,5 пайызды құрады - Статистика
АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2013 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасындағы инфляция 0,5 пайызды құрады.
Атап айтқанда, баға азық-түлік тауарларына өткен айда 0,7 пайызға, азық-түлік емес тауарларға және ақылы қызметтерге - 0,4 пайызға өскен. Бұдан бөлек, қараша айында республика бойынша орта есеппен бағаның өсуі жұмыртқаға 16,3 пайызды, қызанаққа - 13,7 пайызды, қиярға - 9,5 пайызды, қызылшаға - 3,9 пайызды, тұздалмаған сары майға - 1,3 пайызды, ірімшік және сүзбеге - 1,1 пайызды, мұздатылған балыққа - 0,8 пайызды, қышқыл сүт өнімдеріне - 0,7 пайызды, ұнтақ жарма мен қой етіне - 0,6 пайыздан, макарон өнімдеріне - 0,5 пайызға тіркелді. Бұл ретте бағаның төмендеуі қарақұмық жармаға - 2,3 пайыз, құмшекерге - 1,8 пайыз, күнбағыс майына - 0,7 пайыз, жоғары сортты бидай ұнына - 0,6 пайыз белгіленіп отыр.
Аталған кезеңде, бағалар қатты отынға 2,8 пайыз, медикаменттерге, киім және аяқ киімдерге - 0,5 пайыздан, тұрмыстық аспаптарға, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,3 пайыздан, жеке күтімге арналған тауарларға - 0,2 пайызға артқан. Ал шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметтерінің бағасы 1,3 пайызға, мейрамханалар мен қонақ үйлердің қызметтері 0,8 пайызға, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызметтері 0,6 пайызға, денсаулық сақтау - 0,5 пайызға жоғарылап, керісінше алыс қашықтыққа қатынайтын жолаушылардың темір жол көлік қызметтерінің құны 0,8 пайызға төмендеген.
Агенттік мәліметтеріне қарағанда, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер ыстық суға 1,7 пайыз, қоқыс жинауға - 1 пайыз, электр энергиясына - 0,5 пайыз, орталық жылыту, тұрғын үйді күтіп ұстауға - 0,2 пайыздан өсіп отыр.