Қарашада 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру алдағы қараша айында іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
- Өздеріңіз білетіндей, негізгі агротехникалық шаралардың бірі – бұл жер жырту және тыңайтқыш көлемін енгізу аса маңызды. Биыл жоспар бойынша 1,9 млн тонна тыңайтқыш болса, бүгінгі күні соның 1,8 млн тоннасы енгізілді. Сонымен қатар, Үкімет резервінен аванстық төлем ретінде бөлінген бос қаражат зауыттарда әлі де тұр. Осыған байланысты әкімдіктер күзгі агротехникалық жұмыстар аясында тыңайтқыш енгізудің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет, - деді Айдарбек Сапаров.
Сонымен қатар министр көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыруға тоқталды.
- Бөлінген 700 млрд теңгенің көктемгі егіс жұмыстарына 502 млрд теңгесі игеріліп, 9 млн гектар егіс алқабы қамтылды. Қалған қаражат есебінен егін жинау жұмыстарын қаржыландыру жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру алдымыздағы қараша айында іске қосылатын болады. Жеңілдетілген лизингке бөлінген 250 млрд теңгенің бүгінгі күні 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 253 млрд теңгеге өтінім берілді. «Даму» қорының желісі бойынша кепіл базасы жеткіліксіз фермерлер үшін қарыз сомасының 85 пайыз мөлшерінде кепілдік беру бағдарламасын іске асыру жалғасуда, - деді ол.
Айта кетейік, отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді.