Қарашада еліміздегі инфляция 3,7 пайызды құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы қарашада Қазақстан Республикасында инфляция 3,7 пайызды құрады. Баға азық-түлік тауарларына өткен айда - 3,3 пайызға, азық-түлік емес тауарларына - 6,5 пайыз, ақылы қызметтерге - 1,4 пайызға өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Қарашада еліміздегі инфляция 3,7 пайызды құрады

Комитет мәліметіне қарағанда, өткен айда бағаның өсуі жаңа жиналған көкөністерге 16,4 айыз, жұмыртқаға - 9,4 пайыз, күнбағыс майына - 7,5 пайыз, қарақұмық жармасына - 6,7 пайыз, балық және теңіз өнімдеріне - 6,3 пайыз, зәйтүн майына - 5,3 пайыз, жемістерге - 5,2 пайыз, кофеге - 5,1 пайызды құрады. Сонымен қатар есепті кезеңде баға өсімі шикі сүтке - 4,7 пайызға, салқындатылған сусындарға - 4,4 пайыз, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдерге - 4,3 пайыз, кондитерлік өнімдерге - 4,2 пайыз, ұнға - 3,6 пайыз, нанға - 3,5 пайыз, картопқа - 3,2 пайыз, арпа жармасына - 3 пайыз, макарон өнімдеріне - 2,9 пайыз, тауыққа - 2,8 пайыз, күрішке - 2,7 пайызға, консервіленген сүтке, шайға - 2,4 пайыздан, шұжық, ет өнімдеріне - 2 пайызға белгіленген.

Бұдан бөлек, баға өсімі автомобильдерге - 10,1 пайыз, киім және аяқ киімге - 9,1 пайыз, жеке көлік құралдарына арналған қосалқы бөлшектер мен керек-жарақтарға - 8,1 пайыз, фармацевтикалық өнімдерге - 8 пайыз, тұрмыстық аспаптарға - 7,9 пайыз, шыны және қыш бұйымдарына, кітаптарға - 7,8 пайыздан, тоқыма бұйымдарына - 7,7 пайыз, жиһаз және үйге қажетті заттарға, жеке пайдалануға арналған тауарларға - 5,9 пайызды құрады. Мотор майы - 9,2 пайыз, дизель отыны - 1,5 пайызға қымбаттаған.

«Баға деңгейі кешенді демалыстарды ұйымдастыру қызметтеріне 5,7 пайыз, жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы - 4,5 пайыз, денсаулық сақтау қызметтеріне - 3,8 пайыз, қоғамдық тамақтандыру - 2,3 пайыз, тұрғын үй-жайларды жөндеу және қызмет көрсету бойынша - 2,1 пайызға өсті. Төлемдер жүргізгені үшін ақы 6,9 пайызға жоғарылады. Тұрғын үй-коммуналды қызметтер саласында тарифтер орталықтан жылытуға 5,2 пайыз, ыстық суға - 3,5 пайыз, суық суға - 1,2 пайыз, тұрғын үйді күтіп ұстауға - 1 пайыз, кәрізге - 0,3 пайызға жоғарылады», - делінген баспасөз баянында.