Қарашадан бастап "Еуразия тауар жүйесі" тауар биржасында алғаш рет алтынға есептік фьючерстік келісімшарттар жасала бастайды
АЛМАТЫ. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/- 2011 жылы "Еуразия тауар жүйесі" тауар биржасында мұнай өнімдері, металдар, өндірістік тауарлар секциясы ашылады. Бұл бүгін ҚР Алматы қаласындағы Өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігінің 2010 жылғы 9 айдағы атқарған қызметінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды.
Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігінің төрағасы Әркен Арыстановтың айтуынша, биыл "Еуразия тауар жүйесі" тауар биржасы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Онда қазіргі таңда ауылшаруашылығы өнімдері секциясы бойынша 7 түрлі тауармен сауда-саттық жүргізуге мүмкіндік туып отыр. Олар: бидай, қара бидай, арпа, күнбағыс дәндері, күнбағыс майы мен ұн.
"Енді, қараша айындағы қаржыгерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында мерзімдік сауда секциясы шеңберінде бірінші рет алтынға есептік фьючерстік келісімшарттар жасалатын болады. Ал келесі жылы бірқатар жаңа секциялар ашылады. Сондай-ақ Киот хаттамасына сәйкес көміртегі бөлшектерімен сауда-саттық ұйымдастыру да жоспарлануда", - дейді Ә. Арыстанов.