Қарашаның 1-інен бастап Қазақстанда 26 мың мемлекеттік қызметкер қысқартылады

АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат - Қарашаның 1-нен бастап Қазақстанның орталық және жергілікті мемлекеттік органдарындағы 26 мың қызметкер қысқартуға ұшырайды.

Қарашаның 1-інен бастап Қазақстанда 26 мың мемлекеттік қызметкер қысқартылады

«Мемлекеттік бюджеттің және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің сметасының (бюджеті) есебінен ұсталатын органдардың штаттық санын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің Жарлығы бойынша 2010 жылғы қарашаның 1-нен бастап мемлекеттік органдардың штаттық санын 15 пайызға қысқарту қарастырылып отыр.

«Жарлықты жүзеге асырудың нәтижесінде жалпы республика бойынша аталған органдардың штаттық сандарының лимиті 26 мың бірліктен астамға қысқартылады», - делінген Экономикалық даму және сауда министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Парламент палаталары аппаратының; Конституциялық кеңестің; Жоғарғы сот жанындағы сот қызметтерін қамтамасыз ету жөніндегі департаменттің, оның аумақтық органдарының; Орталық сайлау комиссиясының; Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың; Президентке бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының, аумақтық бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдары, ішкі істер органдары, төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі органдардың, Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы мемлекеттік қызметтің, сонымен қатар, облыстық және оларға теңестірілген соттардың, аудандық және оларға теңестірілген соттардың қызметкерлері қысқартылады.