Қарашегірткеден жасалған макарон: дәмді, бірақ өте қымбат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Италияның солтүстігіндегі жәндіктер фермасында миллионға жуық тура қанаттылар күн сайын тағам ингредиентіне айналады, деп жазады ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Қарашегірткеден жасалған макарон: дәмді, бірақ өте қымбат
Фото: cooking-trends.com

Оны дайындау барысы өте оңай: қарашегірткелерді әуелі қатырып, суға пісіріп, кептіріп, одан кейін ұнтақтайды.

Ашық қоңыр түсті ұн макарон, нан немесе құймақ пісіруге, сондай-ақ энергетикалық батончиктер, тіпті спортшыларға жоғары калориялы сусындар жасауға өте ыңғайлы.

Қазіргі кезде қарашегіртке, сондай-ақ құмырсқалар мен құрттарды жеу таңғаларлық емес. Мысалы, Азияда олар мыңдаған жылдар бойы тағам ретінде тұтынылып келеді.

Еуропа үшін болса, бұл жәндіктерді жеу - әлі де күмәнді экзотика. Бұл жағдай Еуропалық Одақтың жақында адам тағамына арналған жәндіктерді сатуға берген рұқсатына қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.

Елдегі билік өкілдерінің кейбіреулерінің қарсылық танытқанына қарамастан, бірнеше италиялық кәсіпкер макарон, пицца және тіскебасар тағамдарын өндіруді жетілдіруде.

Турин маңындағы мейрамхана аспазы Симоне Лоддо 1000 жылға жуық макарон пастасы рецептін жаңа ингредиентке бейімдеп алған.

Енді оның қамырының 15% қарашегіртке ұнтағынан тұрады. Одан күшті жаңғақ иісі шығады.

Кейбір келушілер жәндіктерден жасалған тальятелле тағамын жеп көруден үзілді-кесілді бас тартады. Ал батылдық танытқандар оның ерекше дәміне таңғалып жүр.

Расында, қарашегіртке қамырынан жасалған макароннан дәм татуға бәрінің бірдей батылы бармайды, ал жеп көргендер тағамды өте дәмді деп бағалады.

Сонымен қатар, қарашегіртке ұнтағы — бұл дәрумен, талшықтар, минералдар және амин қышқылдарына бай суперөнім. Мысалы, қарашегіртке макаронының бір табағында сиыр етінің стейкіне қарағанда темір мен магний көп.

«Егер сіз қарашегірткеден жасалған тағам сатып алғыңыз келсе, қомақты ақша жұмсауыңызға тура келеді. Қарашегіртке ұны - бұл кәдімгідей қалтаға салмақ. Оның бір келісі шамамен 60 еуро тұрады. Қарашегіртке макаронын сатып алам десеңіз, бір пакет ұнның құны сегіз еуроға дейін жетуі мүмкін», - дейді ферма меңгерушісі Иван Альбано.

Бұл супермаркеттегі кәдімгі макаронның стандартты қаптамасынан шамамен сегіз есе қымбат.

Бүгінгі күні жәндіктерден жасалған тағам Батыс елдерінің тұрғындарының рационында өте жақсы, бірақ бағасы қымбат өнім болып саналады, өйткені фермерлер құс еті мен сиыр етін әлдеқайда төмен бағамен сатуда.