Қарашығанақ газы «Жайықмұнай» газ зауытында өңделетін болды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдан бастап «Жайықмұнай» газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын өңдеу шешімі қабылданды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарашығанақ газы «Жайықмұнай» газ зауытында өңделетін болды

«Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай тауарлық газ өндірісінің көлемін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу міндетін қойды. Қашаған кен орнында қуаты 1,1 млрд текше метр және 2 млрд текше метр ілеспе газды өңдеу 2 зауыты іске қосылатын болады. Бұдан басқа, 2023 жылы «Жайықмұнай» газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын өңдеу бойынша шешім қабылданады. Бұл газды өңдеуді 4 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Министр Мемлекет басшысы қойған маңызды мәселелердің бірі - халықты газбен қамтамасыз ету екендігін баса айтты.

«Министрлік халықты газдандыру деңгейін 2029 жылға қарай 65 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл 12 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз етеді», - деді Болат Ақшолақов.