Қарашығанақ жыл сайын БҚО-ға қанша қаржы бөледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы жыл сайын Батыс Қазақстан облысының экономикасына 20 млн доллар қаржы бөледі.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қарашығанақ» компаниясының тек біздің облыстың ғана емес, бүкіл республикамыздың экономикасына үлкен септігін тигізіп отыр. Ол үлкен консорциум. Онда ірі трансұлттық корпорациялар жұмыс істеуде. Бұл Елбасы жасаған инвестициялық ахуалдың қолайлығын көрсетеді. «Қарашығанақ» компаниясы республиканың 45 пайыз газын өңдейді және сұйық отынның 16 пайызын қамтамасыз етеді», - деді Алтай Көлгінов.
Оның дерегінше, бүгінге облыстың 4 мың азаматы аталған компанияда жұмыс істеуде. Жалпы, «Қарашығанақ» төңірегінде жұмыс істейтін адамдардың саны 20 мыңнан асып жығылады.
«Бізде «Өнімді бөлу туралы шарт» деп аталатын бірлескен келісім бар. Соған сәйкес жыл сайын өңірдің экономикасына 20 млн АҚШ долларын беріп отырады. Ол қаражатқа біз жолдарды жөндеудеміз, мәдениет, спорт, әлеуметтік нысандарды салудамыз. Аталған келісім қабылданған 20 жылдың ішінде 300 млн доллардан астам қаражат тек БҚО өңіріне әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдар салуға жұмсалды»,- деді облыс басшысы.