Қарасораны өндірістік мақсатта пайдалануға арналған түзету енгізілді – заң жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ішкі істер органдарының қызметі саласына қатысты заң жобасын талқылау кезінде қарасораны өндірістік мақсатта пайдалануға рұқсат ететін түзету бірінші оқылымда мақұлданды.

Алматы облысының тұрғыны алма бағында қарасора өсірген
Фото: polisia.kz

- Қарасораның түрлі сұрыптары бар. Атап айтқанда, бүгінгі түзету өндірістік әрі өнеркәсіптік мақсатта қолданылатын түрлеріне қатысты. Қазірдің өзінде елімізде 0,00 пайызды (есірткілік құрамы) қарасора өнімдерін өңдеуге рұқсат бар. Бұл ретте, елімізде қарасораның француздық түрі өндіріледі, бірақ одан сапасы төмен өнімдер шығарылады екен. Ал сапалы өнімдерді шығару үшін аталған көрсеткіш 0,3 пайыз деңгейінде болуы керек. Бұл тұрғыда Ресей, Өзбекстан 0,3 пайызбен өнімдерді шығарып жатыр. Осы орайда жіп, арқан, шүберек және басқа да тауарлардың тізімін кеңейту мүмкіндігі бар, - деді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы.

Оның атуынша, жабайы өсетін қарасорада есірткі құрамы өте жоғары. Ал өнеркәсіптік мақсатта өсірілетін өсімдіктерде оның деңгейі тым аз.

- Сондықтан оны қауіпті деп үрейленбеу керек. Бұл саладағы қауіпсіздік мәселелерін Ішкі істер министрлігі қатаң бақылауда ұстайды. Өндірістегі қоршаудан бастап, қоймаларға дейін қойылатын талаптар ерекше болады. Онда лицензияланған қызметтегі күзетшілер жұмыс істейді, яғни қатаң күзетілетін аймақ болады. Екіншіден, қарасораны өсіретін алқаптар Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қызылорда облыстарында қарастырылып отыр. Атап айтқанда, қарасорадан өндірілетін түрлі өнімдерге сұраныс бар. Сондықтан осы мақсатта өсірілетін қарасора сұрыптарын Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындайды. Бұл жерде тек өнеркәсіптік мақсатта ғана өндіруге рұқсат беріледі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды және заң жобасындағы түзетулер екінші оқылымға дейін әлі де пысықталады, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

 

Соңғы жаңалықтар