Қарасораның тамыры 8 метр тереңдікке дейін кететіндіктен оны жойып жіберу әзірге мүмкін болмай отыр - А. Алметов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шу алқабында өсетін қарасораның тамыры 8 метрге дейінгі тереңдікке кететіндіктен оны толығымен жойып жіберу әзірге мүмкін болмай отыр. Бұл туралы Алматыда «Көкнәр-2015» республикалық жедел-алдын алу операциясын қорытындылау бойынша өткен отырыста Жамбыл облыстық ІІД ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция майоры Асхат Алметов мәлім етті.
None
None

«Шу алқабында өсетін қарасораны жою үшін біз не істемедік?! Неше түрлі әдіс қолдандық. Оны өртеп те тастадық, тіпті дәрімен де уладық. Бәрі бекер. Оның тамыры 7-8 метр тереңдікке кететіндіктен, келесі жылы жердің терең қабатынан нәр алып, қайтадан жайқалып өсіп тұрады. Сондықтан, қазір қарасораның заңсыз айналымға өтіп кетпеуіне «Көкнәр» операциясы тиімді тосқауыл болып жатыр. Биыл бұл іс-шараға ҚР ІІМ қарасты «Арлан», «Бүркіт» және Жедел ден қою арнайы жасақтары (ЖДАО), сондай-ақ әскери тікұшақтар жұмылдырылды. Бұдан басқа, қарасора өсетін алқапты айналдыра көшпелі модульды полиция бекеттері пайдаланылды. Бұл арнайы автокөліктер. Онда тәулік бойы кезекшілік жасауға барлық мүмкіндік жасалған. Яғни, онда қару сақтайтын, ұсталғандарды қамайтын, тамақтанатын, ұйықтайтын орындар белгіленген, тіпті кондиционер де бар», - деді А. Алметов.

Сонымен қатар, ол соңғы жылдары есірткімен айналысушылардың неше түрлі жаңа қулық әдістерге барып жатқандығын жеткізді. «Адамнан қулық артылған ба!? Олар біздің көзімізге түсіп қалмас үшін, неше түрлі әдіс-айла жасайды. Қарасора негізі мамыр айында өсіп, маусым айында пісе бастайды ғой. Бұрындары адамдар піскен кезінде автокөлікпен немесе атпен барып, оларды жинап, кейін келу үшін көміп кететін. Ал қазір қарасора өсетін алқапқа алдын-ала жасырын барып, өздеріне жертөле жасап алып, апталап жататын болып жүр. Өздеріне газ, су, азық-түлік жеткізіп алады. Қарасора сақтайтын құпия орындар жасайды. Біз биылғы операция барысында солардың барлығын ұстадық. Негізінен олар жергілікті тұрғындар», - деді А. Алметов.

Айта кетелік, Шу алқабының аумағы 138 мың гектарды құрайды. «Көкнәр» операциясы жыл сайын маусым айында басталып, қазан айында аяқталады. Биылғы іс-шара барысында 94 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. Олардың ішінде қарасора өсімдігі - 61,3 тонна, героин - 40 келі, гашиш - 63 келі, марихуана - 31,33 тоннаны құрайды. Тиісінше 25 миллионнан астам бірреттік есірткі дозалары заңсыз айналымға шығарылмады. Есірткі бизнесіне 45 млн. доллардан астам шығын келтірілді.

Ал бүгінде қарабазарда қарасорадан жасалған бір келі марихуананың бағасы шамамен 600 мың теңгені құрайды. Ал 1 келі героиннің бағасы Алматыда 20 мың, ал өңірлерде 40 мың долларға дейін барады.

Соңғы жаңалықтар