Қаратауда күшті жел тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкетті

Жамбыл облысында секундына 22 метрге дейін жел тұрып, бірқатар нысандар зақымдалды, деп хабарлайды Kazinform.

жел
Фото: Жамбыл облысы ТЖД

Атап айтқанда, 26 қазан күні сағат 09.45 -те Талас ауданы Қаратау қаласы 3 шағын ауданы бес қабатты №37 тұрғын үйдің 300 шаршы метр аумақты қамтитын шатыры ұшқан.

Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, қаза тапқандар мен зардап шеккендер тіркелмеген. ТЖД күштері мен құралдары жұмылдырылған жоқ. Жергілікті жерде жергілікті атқарушы орган комиссиясы жұмыс атқаруда.

Сондай-ақ, Тараз қаласы Сухамбаев көшесі №38 үйде сағат 13.14-те тұрғын үйдің төбесіне ағаш құлады. Нәтижесінде 2 шаршы метр шатыр зақымдалды. Құлаған тал жедел-құтқару жасағының және өрт сөндіру қызметінің күштерімен, 5 қызметкер және 2 техниканың күшімен тазалануда.

Бұған дейін Тараз мектебінде өрт шығып, 5 адам зардап шеккенін жазған болатынбыз.