Қаратаудағы көне қалашықтан бірнеше дәуірдің жәдігерлері табылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы көне қалашықта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Археологиялық экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры Досбол Байғұнақовтың айтуынша, жергілікті тұрғындар қалашықты «Ақтөбе» деп атап кеткен. Алайда Қазақстан аумағында мұндай атаумен аталатын археологиялық ескерткіштер көп болғандықтан, зерттеушілер нысанды «Бірлік» деп атаған.
Алдын ала ғылыми деректер бойынша, бұл археологиялық ескерткіш V-XVII ғасырларға жатады және Қаратаудың оңтүстік өңіріндегі қала мәдениетінің көпғасырлық даму тарихын айғақтайды.
– Бұл қалашық Н.П. Подушкиннің 1962 жылғы зерттеуінде VIII-XII ғасырларға жатқызылған. Алайда осы уақытқа дейін мұнда ауқымды археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Ескерткіш ішкі қамал, шахристан және рабадтан тұрады. Рабад аумағы ауыл шаруашылығы жұмыстарының салдарынан едәуір бұзылған, ал шахристанның бір бөлігін зират алып жатыр, – деді Досбол Байғұнақов.
Далалық зерттеу барысында археологтар шахристан мен ішкі қамал аумағында қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тұрғын үй орындары, қорған қабырғасы мен мұнара қалдықтары, ошақтар, қыш бұйымдар, диірмен тастары, жануарлардың сүйектері және басқа да археологиялық материалдар табылды.
Сонымен қатар төменгі мәдени қабаттардан Қаңлы дәуіріне тиесілі қолдан жасалған қыш ыдыстардың сынықтары анықталды. Ал дамыған орта ғасырлар кезеңіне жататын қабаттардан, соның ішінде Қараханидтер мен оғыздар дәуіріне тән жылтыратылған қыш бұйымдардың көптеген сынықтары табылған.
Археологиялық деректер қалашықтың бірнеше рет қирағанын көрсетеді. Екі мәдени қабаттан өрт іздерінің анықталуы дамыған орта ғасырлар кезеңінде қалашықтың кемінде екі рет өртке оранғанын болжауға мүмкіндік береді. Соған қарамастан қоныс қайта қалпына келтіріліп, өмір сүруін жалғастырған.
Ішкі қамалдың жоғарғы қабатында жүргізілген қазба жұмыстарынан кейінгі орта ғасырларға, яғни Қазақ хандығы дәуіріне тиесілі материалдар анықталды. Олардың қатарында қыш бұйымдар, кірпіштер, диірмен тастары және остеологиялық материалдар бар.
Зерттеушілердің пікірінше, қалашық тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысқан. Табылған археологиялық материалдар олардың Отырар және Түркістан маңындағы елдімекендермен, сондай-ақ басқа да тарихи-мәдени өңірлермен тығыз әлеуметтік-экономикалық байланыс орнатқанын көрсетеді.
– Қаратаудың оңтүстік аймақтары әлі де толық зерттелмеген. Осы бағыттағы археологиялық жұмыстар енді басталып отыр, зерттеу келесі жылы да жалғасады, – деді Досбол Байғұнақов.
Бұған дейін Түркістан облысында Қаңлы дәуірінің құнды жәдігерлері табылғанын жазған едік.
Сондай-ақ Отырар қалашығында Алтын орда дәуіріне жататын мешіттің орны табылғаны хабарланған болатын.