Каратэ: Қазақстан Түркиядағы Премьер-лига турнирін қос алтынмен аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Ыстанбұл қаласында WKF каратэден 2026 жылдың алғашқы Премьер-лига санатындағы бәсекесі мәресіне жетті.
Айтулы додада екінші алтын медальді Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева жеңіп алды. Ол аса ауыр салмақта сәтті өнер көрсетіп, финалда непалдық Арика Гурунгты айқын басымдылықпен ұтты.
Бұдан бұрын тағы бір алтынды 55 келіге дейінгі салмақта Бэлла Самашева алған еді.
Қазақстан құрамасы бұл байрақты бәсекеде 2 алтынмен жалпыкомандалық есепте 3-орынға ие болды.

Жалпыкомандалық есеп:
1. Мысыр (2 алтын, 3 күміс, 1 қола),
2. Түркия (2 алтын, 2 күміс),
3. Қазақстан (2 алтын),
4. Жапония (1 алтын, 2 күміс, 6 қола).
Каратэден Премьер-лига санатындағы бәсекеге әлем рейтингіндегі ТОП-32-ге кіретін спортшылар ғана қатыса алады. Қазақстан командасы сапында Түркияға 13 отандасымыз барды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ыстанбұлда каратэден өтетін Премьер-лига бәсекесіне қатысатын Қазақстан құрамасы анықталғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық каратэші Түркиядағы Премьер-лига турнирінде топ жарды.