Каратэ шинкиокушинкайдан өткен Әлем кубогында Қазақстан спортшылары командалық бірінші орын алды

Бүгін соған орай, Туризм және спорт министрлігінде жеңімпаздарға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жарыстың 6 алтын медалі мен Кубогі сарапқа салынған чемпионатқа әлемнің 76 елінен келген спортшылар қатысты. Нәтижесінде астаналық Мария Гриднева (55 килә) және қостанайлық Дмитрий Мойсеев (70 килә) бірінші орын, алматылық Алексей Леонов (80 килә) үшінші орын иеленді.
Қалған 4 алтын тиісінше Ресей, Жапония, Литва және Болгария спортшыларына бұйырды. Осылайша, Қазақстан жалпы топтық көрсеткіш бойынша мәртебелі бірінші орын алып, әдетте каратэнің бұл түрінде алдыңғы қатарды бермейтін Жапония мен Ресейдің спортшыларын кейін қалдырды.
«Әсіресе Мария мен Дмитрий қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп отырды. Мариямен бірге жекпе-жекке шыққан каратэшілердің біразы сайыстан «аман» шыққандарын қанағат тұтты», дейді WBO ұйымындағы Қазақстан өкілі Қайыртай Сарманов.
Оның айтуынша, каратэ жекпе-жегін дүниеге әкелген Жапонияның өзі спортшыларымыздың бұл жетістігінен кейін, Қазақстанға келіп, тәжірибе алмасуға ниет білдірген көрінеді.