Каратэде бір сәтке де босаңсуға болмайды – Азия ойындарының чемпионы

ОРАЛ. KAZINFORM – Жапониядағы жазғы Азия ойындарында ел мерейін үстем еткен спортшылардың бірі – батысқазақстандық каратэші Жоламан Биғабыл. Kazinform тілшісі елге оралған Жоламанмен әңгімелескен еді.

Жоламан Биғабыл
Фото: Жоламан Биғабылдың жеке мұрағатынан

- Жоламан Қуанышбекұлы, спортқа қалай келдіңіз, бірден каратэден бастадыңыз ба, алдымен осыны айтып өтсеңіз?

Жоламан Биғабыл
Фото: Жоламан Биғабылдың жеке мұрағатынан

- Өзім 2003 жылы Таразда өмір есігін аштым. Қазіргі кезде Ақ Жайық жағасында, Орал қаласында тұрып жатырмын. Спортқа алғашқыда әкем Қуанышбек Алтынбеков әкелді. Басында күрес түріне барғым келген. Бірақ Тараз қаласында мен білім алған №38 орта мектепте каратэ үйірмесі болған соң соған жазылдық. Ең алғашқы ұстазым, өзімнің туысым, марқұм Бақытжан Сәрсенұлы еді. Сол кісі мені жаттықтырып, каратэ әліппесін үйретті. Өкінішке қарай, карантин кезінде дүниеден өтті. Бірақ ұстазыма деген алғысым жүрегімде.

- Одан кейінгі бапкерлеріңіз кімдер еді?

Жоламан Биғабыл
Фото: Жоламан Биғабылдың жеке архивінен

- Тағы бір жаттықтырушым Азамат Қойшыбаевпен бірге аз тер төккен жоқпыз. Оған да көп рахметімді айтқым келеді. Қазіргі уақытта каратэден Батыс Қазақстан облысының аға бапкері Ринат Мерғалиевтің қоластында үзбей жаттығып, жалықпай еңбек етіп, шеберлігімізді жетілдіріп келеміз. Спорттық жолымдағы барлық бапкеріме, қолдау көрсеткен жандарға алғысым шексіз.

- Каратэнің басқа спорт түрлерінен басты айырмашылығы неде деп ойлайсыз? Ол несімен баурап алды?

Жоламан Биғабыл
Фото: Жоламан Биғабылдың жеке архивінен

- Каратэнің басқа спорт түрлерінен ерекшелігі, мұнда өте тез шешім қабылдау керек. Жылдамдыққа қоса күшті әрі тез шешім қабылдауды талап ететін спорт түрі дер едім. Каратэде әрбір милли секунд маңызды. Себебі қысқа ғана уақыттың өзінде жағдайдың күрт өзгеріп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан бір сәтке де босаңсуға болмайды.

- Олай болса каратэге қай жастан барған дұрыс деп есептейсіз?

Жоламан Биғабыл
Фото: Жоламан Биғабылдың жеке архивнен

- Ерте жастан айналысқан дұрыс деп ойлаймын. Кішкентай кезден айналыса бастаса, тез үйренісіп, әрі қарай оңайырақ болады.

- Азия ойындарына дейін де біраз биікті бағындырып үлгерген боларсыз?

Жоламан Биғабыл
Фото: Жоламан Биғабылдың жеке архивінен

- Әрине, бәріне де шүкірлік етемін. Әуелі жастар арасында үш мәрте Қазақстан, екі дүркін Азия чемпионы атандым. Ересектер арасында үш рет Азияда топ жардым және Ислам ойындарының қола жүлдегерімін. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Азия ойындарына тәжірибем толысып бардым деп ойлаймын.

- Ендеше, өзіңіздің бағыңызды асырған Азия ойындарына келейік. Бәсеке барысында 55 келіге дейінгі салмақта кімдермен кездестіңіз, қарсыластарыңыз қалай болды?

- Төрт жылда бір рет өтетін Азия ойындары болған соң бәрі де үлкен үмітпен келеді ғой. Ширек финалдан бастап үш жекпе-жек өткіздім. Бастапқыда Тәжікстан елінің спортшысы Махсатулло Муминовтен бәрі біз ойлағандай болып, айламды асыра білдім. Есеп – 7:0.

Содан кейін индонезиялық Мухаммад Тегарға қарсы келдім. Онымен бұрын-соңды кездеспегенбіз, бірақ бір-бірімізді сырттай жақсы танимыз. Қойылған жоспар бойынша жұмыс істеп, 6:1 есебімен жеңіске жеттім.

Ақтық сайыста Өзбекстанның үкілеген үміті Хумоюнмирзо Халимовты айқын басымдылықпен (9:1) ұтып, Азия ойындарының чемпионы болдым.

Бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Бір жыл емес, осыншама уақыт ішіндегі еңбектің өтеуі дер едім. Осы жолда маңдайдан қаншама тер төгілді, кездескен кедергілер қаншама, сөз де естідім, жарақат пен қысым да аз болған жоқ. Соның бәрінен өтуге тура келді. Мұның барлығының қаншалықты қиын екендігін басынан кешкен спортшы ғана біледі.

Жоламан Биғабыл
Фото: Жоламан Биғабылдығ жеке архивінен

- Спорттағы кумирлеріңіз кімдер?

- Мен спортта ешкімді кумирім деп санамаймын. Бірақ әр мықты спортшының жақсы жағын алуға тырысамын.

- Алдағы мақсаттарыңыз қандай?

- Бұйырса, осымен тоқталып қалмай, жабық Азия ойындарында топ жаруды армандаймын. Оған қоса келесі жылы әлем чемпионатында Қазақ елінің көк байрағын желбіретсем деймін.

- Каратэ тек Токио Олимпиадасының бағдарламасына ғана енгізілгені белгілі. Мұндай мүмкіндік алдағы уақытта бола ма, белгісіз. Бұл жөнінде ойыңыз қандай?

- Егер де каратэ болашақта Олимпиада бағдарламасына еніп жатса, бұл өз мүмкіндігімізді көрсетудің тағы бір жолы болар еді. Сондай күн туса, олимп шығын бағындыру үшін бар күш-жігерімді саламын. Шын мәнінде олимп шыңын бағындыру – кез келген спортшының арманы деп білемін.

- Әңгімеңізге рахмет. Спорттық жолыңызда тек табыс тілеймін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жоламан Биғабылдың каратэден Азия ойындарының чемпионы атанғанын жазған едік.