Қаратұрындағы алты айға созылған өрт бойынша 361 млн теңге айыппұл салынды

қаратұрын өрт
Фото: Маңғыстау экология департаменті

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облыстық экология департаменті «Бозашы Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жарты жыл бойы ауаға зиянды қалдық таратқаны үшін ірі көлемде айыппұл салды. Бұл жайында департамент басшысы Армат Жүсіпқалиев мәлімдеді.

Департамент тарапынан биыл бірінші жарты жылдықта 2 субъектіге («Эко-Техникс» ЖШС, «Aktau Tourism City Ltd» ЖШС) профилактикалық бақылау және 16 мекеменің талаптарға сәйкестігіне тексеру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, биыл 4 ай ішінде 8 мекемеге жоспардан тыс тексеріс жасалған. 

— Соның ішінде «Бозашы Мұнай» ЖШС компаниясы да бар. Онда 6 ай бойы ұңғымада жанған өрттен ауаға 2540 мг/м3, яғни 120 есе артық метан тарағаны анықталды. Сондықтан серіктестікке 361,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жалпы тексерудің нәтижесінде тағы 7 мекемеге 23 567 млн теңге айыппұл салынды. Барлық айыппұл мемлекетке өндірілді, -дейді облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев.

Айта кетейік, былтыр 9 маусымда Ақтау қаласынан 277 шақырымда орналасқан Қаратұрын мұнай-газ кен орнында өрт тұтанған еді.

Қызыл жалынның шығуына ұңғыманы жөндеу кезінде технологиялық процестердің сақталмауы себеп болды.

Мамандар кеніштегі өрт қыркүйекте сөнуі мүмкін деп болжам жасаған.

Алайда қызыл жалынды ауыздықтау тек желтоқсанда ғана мүмкін болды. 

Айта кетейік, алты айға созылған өрттен бір адам зардап шекті.

Соңғы жаңалықтар
telegram