Қаратұрындағы өрт келесі айда толық сөндіріледі – Нұрлан Ноғаев
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев елордадағы есеп беру брифингінде Қаратұрын кен орнындағы апаттың мән-жайын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
9 маусым күні «Бозашы Мұнай» ЖШС «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында 1088 метр тереңдіктен бұрғылау құралының көтерілуі салдарынан өрт тұтанған еді. Қызыл жалын әлі күнге дейін өшірілген жоқ.
«Қаратұрын кен орнындағы апат әлі жойылған жоқ. Компанияның айтуынша, келесі айдың соңында өрт толығымен сөндіріледі. Ол үшін қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қосымша ұңғымалар бұрғыланды, онда газдың қайдан келетінін анықтау үшін су мен басқа да реагенттерді беру мүмкіндігі жасалды», - деді Н. Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Өңір басшысы Экология департаментінің зерттеулер жүргізгенін түсіндірді. Кен орнында метан концентрациясы асып кеткені анықталды. Бірақ жақын маңдағы елді мекендерде метанның асып кетуі байқалмаған.
«Өртті сөндіргеннен кейін барлық қажетті шаралар қабылданады. Экология департаменті Экологиялық кодекс аясында қажетті жұмыстарды жүргізеді», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ Нұрлан Ноғаев оқиғаға барлық бағалау жұмыстары өрт сөндірілген соң жүргізілетінін жеткізді.
Айта кетейік, Нұрлан Ноғаев Астанада Маңғыстау облысының биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп жатыр.