12:37, 08 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Қараусыз қалған қарттар балаларына алимент төлеткізу мәселесін заң жүзінде көп қозғамайды - Әділет вице-министрі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ қоғамында қарттар баласына заң жүзінде талап қоюға намыстанады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Әділет вице-министрі Бақытжан Әбдірайым мәлім етті.
«Қазақ қоғамында ата-анасын қараусыз қалдыру деген ешқашан болмаған. Бүгінгі таңда осындай фактілерді өзіміз көріп, шын айту керек, көңілімізге қаяу түсіріп отыр. Әрине, кез келген ата-ана баласына заң жүзінде талап қоюға намыстанады. Себебі, бұл тұрғыда қарттар «баласының қызметіне кесірі тие ме немесе оны жауапқа тартады ма?» деген оймен баласына алимент төлеткізу мәселесін заң жүзінде көп қозғамайды. Бірақ, мұндай фактілер бар, алайда көп емес», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, осындай фактілер бойынша сот орындаушылары арнайы айналысып, ата-анасына көңіл бөлмейтін, жағдай жасамайтын балаларын тауып, жауапқа тартып жатыр.
«Бұны үлкен қоғамдық проблема деп айтуға болады», - деп түйді Б. Әбдірайым.