Қарайған қар: Вице-министр «АрселорМиттал Теміртауға» жаңа талап қойды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртаудағы қарайып кеткен қарға байланысты өткен жиналыста энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков бұдан былай «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жүргізетін жұмыстың жаңа форматын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
«Теміртаудағы қар түсіне бірнеше фактор әсер етті. Біріншісі - жағымсыз метеожағдай. Енді «Казгидромет» мекемесінен «АрселорМиттал Теміртауға» күнделікті ескерту түсіп отыратын болады. Ауаны ластап жатқан өнеркәсіптер бұдан былай атмосфераға шығаратын қалдықтар көлемін азайту режіміне өтуге міндетті», - деді вице-министр.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин бұл бастаманы қолдап, жуықта өнеркәсіп басшылығы «Казгидрометпен» қажетті келісімшартқа отыратынын айтты.
«Біз экологияны сақтауға бар күшімізді салып келеміз. 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы металлургиялық комбинат зиянды қалдықты 18 029 тоннаға аз шығарды. 2018 жылы экологиялық жобалардың арқасында қалдықтарды тағы да азайту көзделген. 2017, 2018, 2019 жылдар көлемінде комбинат экологиялық жобаларға 18,5 млрд теңге инвестиция құяды. Қазірдің өзінде 6,7 млрд теңге игерілген»,-деді ол.
Еске сала кетейік, қаңтардың басында әлеуметтік желілер арқылы Теміртаудағы қардың қарайып кеткені туралы ақпарат тараған. Теміртаулықтан осыған байланысты белсенді топтарға бірігіп, мәселенің мәнісін анықтауды талап еткен болатын. Теміртау қаласы әкімінен қалаға жауған қардың беті әп-сәтте қарайып кетуіне байланысты экология департаментіне хат жолданды. Сондай-ақ бұл мәселені анықтау үшін арнайы жұмыс тобы да құрылды.