«Қаражанбасмұнай» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының жұмысшылары наразылық акциясына шықты
АСТАНА. 2 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін, 2 маусым күні «Қаражанбасмұнай» компаниясы мен оның еншілес ұйымдарының 450-ге жуық жұмысшысы Маңғыстау облыстық әкімдігінің алдына жиналды.
Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған хатын табыс ету үшін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесу ұйымдастыруды талап етті.
Жұмысшылармен кездескен облыс әкімдігінің қызметкерлері Қырымбек Көшербаевтың қазір Астанада іссапармен жүргенін түсіндіріп, сындарлы диалог орнату үшін оларға ішке кіруді ұсынды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Жұмысшылар әкімдіктің ішіне кіруден бас тартты. Одан кейін оларға, әкім іссапардан оралғаннан соң онымен кездесу үшін өз өкілдері қатарынан бір топ адамды сайлау және өз координаттарын қалдыру туралы ұсыныс жасалды. Жиналғандардың тарапынан ешқандай кандидатура ұсынылған жоқ.
Ақтау қаласының прокуроры Талғат Әлібаев жиналғандарға олардың әрекеттерінің «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» ҚР Заңына сай келмейтінін айтып, олардан тарауды өтінді.
Наразылық акциясына қатысушылар әкімдіктің алдынан әлі тараған жоқ.