Қаражатты тиімді түрде әлеуметтік салаға жеткізетін заң жобасы мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Ресаубликасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
None
None

«Заң жобасы бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға, бюджеттік рәсімдерді жеңілдете және оңтайландыра отырып, қаражатты неғұрлым жылдам әрі тиімді түрде әлеуметтік салаға, нақты экономиканың бағыттарына жеткізу үшін, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жеделдетіп, дамыту мақсатында көптеген процедуралық жағдайларды қысқарта отырып, бизнесті ынталандыруға бағытталған. Осы заң жобасы бойынша депутаттардан келіп түскен барлық ұсыныстар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, үкіметтік емес ұйымдар және өңір өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 9 отырысында, сонымен қатар Қаржы және бюджет комитетінің 2 кеңейтілген отырысында талқыланды»,- деді депутат Омархан Өксікбаев заң жобасы бойынша баяндамасында.

Айта кетейік, заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында биылғы 4 қазанда жан-жақты талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Мәжілістің сол жалпы отырысында бірнеше маңызды мәселелер көтерілген болатын. Аталған мәселелердің барлығы жұмыс тобында талқыланып, өз шешімдерін тапты. Атап айтқанда, берілген ұсыныстарды ескере отырып, заң жобасының жекелеген нормаларын жетілдіру мақсатында тиісті түзетулер қабылданды. Бұл тұрғыда бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне, оның ішінде бюджет қаражаты толық игерілген кезде түпкілікті нәтижеге қол жеткізбегені үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысының жауаптылығын енгізу қарастырылды. Осы орайда Бюджет кодексінің 104, 113 баптарына өзгерістер талқыланып, бірінші басшысының жауапкершілігі енгізілді.

Бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздарын келісу тәртібі де назарға алынды. Бұл ретте Бюджет кодексінің 199-бабы өзгертіліп, Үкіметтің жауапкершілігі нақтыланды.

«Сонымен қатар, жалпы отырыста көтерілген мәселелердің бірі бюджеттің тиімсіз орындалуына өлшем беру болатын. Бұл тақырып қызу талқылана келе, күрделілігіне байланысты Үкімет жанынан құрылатын жұмыс тобында қаралып, сессияның соңына дейін Мәжіліске керекті түзетулер ұсынылмақ»,-деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, заң жобасы аясында бюджеттік бағдарламаларды келісудің жекелеген кезеңдері қысқартылады . 

Соңғы жаңалықтар