Кардиологтардың 4-конгресіне біз үлкен жетістіктермен келіп отырмыз - Рахымберді Сұлтанбеков
АЛМАТЫ. 7 маусым. ҚазАқпарат - 2007-2009 жылдарға арналған кардиохирургия және кардиология саласын дамыту бағдарламасы бойынша жүрек ауруларының негізгі түрі бойынша өлім-жітімді 2-3 есеге азайттық.
Оны Алматы облыстық кардиологиялық орталығының бас дәрігері Рахымберді Сұлтанбеков бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстан кардиогтарының IV конгресі кезінде айтты.
«Жүрек аурулары өлім-жітімі елімізде бірінші орында тұр. Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу үшін халқымыздың денсаулығы жақсы болуы тиіс. Оны жақсарту мақсатында республикада соңғы жылдары бірталай бағдарламалар қабылданды. Соның бірі 2007-2009 жылдарға арналған кардиохирургия және кардиология саласын дамыту бағдарламасы. Соның нәтижесінде барлық облыстарда кардиохирургиялық орталықтар ашылды. Мәселен, Талдықорғанға 2008 жылы жаңа құрал-жабдықтар әкеліп, 2009 жылдан бастап біз облыс халқына жоғары дәрежелі кардиохирургия қызметтерін көрсете бастадық», - дейді Рахымберді Сұлтанбеков. Оның айтуынша, қазір олар бірқатар күрделі операцияларды облыстық орталықта жасауда. Мәселен бұрын тек ересектердің жүрегіне ғана операция жасап келсе, енді ағымдағы жылдан бастап жас балалардың туа біткен жүрек ауруларына да операция жасауды жоспарлауда. Алматы облысының бас кардиологының айтуынша, орталықтағы озық технологиялардың нәтижесінде олар өткен жылы 100 мың адамға шаққанда жүрек ауруларының негізгі түрі бойынша өлім-жітімді 200-ден 52,2-ге дейін азайтуға қол жеткізген.