Қардың көптігіне алаңдаудың реті жоқ - ҚР АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев ел аумағындағы қардың көлеміне байланысты жағдайды айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қардың көптігіне алаңдаудың реті жоқ - ҚР АШМ

«Қазгидромет» мәліметінше, Қазақстанның жазық жерлерінде, орталық бөлігінде ылғал мен қардың жиналған қоры нормадан 25-30 пайызға артық. Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарының таулы жерлерінде орташа жылдық нормадан 50 пайызға дейін жетіп отыр. Алайда, бұл жағдай Қазақстанда су тасқыны қаупі бар екендігін білдірмейді. Барлығы қардың еруіне әсер ететін температуралық режімге байланысты»,-деді комитет басшысы баспасөз мәслихатында.

Осы орайда ол 2014 жылы ШҚО-дағы жағдайды мысалға келтірді.

«2014 жылы Шығыс Қазақстан облысында қар екі есе көп көлемде түскенімен, су тасқыны болған жоқ. Сонымен қатар орташа көпжылдық деңгейден қар қоры аз түссе де, күннің күрт жылынуы мен жаңбырдың салдарынан тасқын су басатын жағдайлар бар. Сондықтан да су тасқынына тура болжам жасау қиындау. Дегенмен де Су ресурстары комитеті, ТЖ комитеті, әкімдіктер бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарды. Тиісті жоспар әзірленіп, оған сәйкес барлық мәселелер пысықталды. Бүгінде техникалық және материалдық құралдарды тексеру шаралары атқарылуда»,-деді Әбішев.