Кәрім Көкірекбаев Шу ауданындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен Шу ауданында болды. Сапар барысында аймақ басшысы Шу қаласындағы, сондай-ақ Далақайнар, Бірлік ауылдарындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды және өнеркәсіп орындарын аралады, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Кәрім Көкірекбаев Шу ауданындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады

Алдымен Жиделі станциясына аялдаған К. Көкірекбаев Далақайнар ауылында орналасқан Т.Әшімбаев орта мектебінің және «Кәусәр» балабақшасының ахуалымен танысты. 100 орындық мәдениет үйіне ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлініп, 2018 жылға 154 млн. теңге қарастырылған. 18 ай құрылысы жүретін мәдениет үйі келесі жылы қайта пайдалануға беріледі. Ал 300 орынды қос қабатты білім ордасында алғашқы қоңырау 1964 жылы қағылған. Аз қамтылған отбасынан шыққан 31 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ағымдағы жылғы ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысы орташа 68,33 балды құраған. Педагогтар саны 36 мұғалімді құрайды. Сондай-ақ 650 бүлдіршінге арналған «Кәусәр» балабақшасы 3 қабаттан тұрады. Қазіргі таңда 50 бала тәрбиеленетін балабақшада 9 тәрбиелеуші қызмет етуде.

Келесі кезекте аймақ басшысы Бірлік ауылындағы жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияда болып, одан соң сапар барысы «Kaz Ir Agro» ЖШС-не ұласты. 15 келушіге арналған амбулаторияда 14 адам жұмыс жасап, орташа жалақылары 45 мың теңгені құрайды. Ал сафлор (суықтай сығылған) майын өндірумен айналысатын «Kaz Ir Agro» серіктестігі тәулігіне 3 тонна өнім шығарады және аталған өндіріс орнында 59 адам қызмет етеді.

Сонымен қатар, облыс әкімі бастаған жұмыс сапары Ескі Шу ауылдық округінде орналасқан егін алқабынтағы қылша жинау жұмыстарының барысымен танысуға ұласты. Жалпы жер аумағы 10 гектарды құрайтын алқабта қылша биыл тұңғыш рет егілуде. Сондай-ақ 1 гектардан 500 центнер қызылша алу көзделуде.

«Тараз химиялық паркі» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ-на барған Кәрім Көкірекбаев кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер бойынша жиын өткізді. Көрші аудандардан келген кәсіпкерлердің көңіл түкпірінде жүрген сұрақтардың жауабы осы жиында табылды. Өз кезегінде облыс әкімі мемлекет тарапынан көмектің кенде болмайтынын жеткізді.

Еске сала кетейік, екі күнге созылған жұмыс сапары қорытынды жиналыспен тәмамдалады.