Кәрім Мәсімов: Астық сату мәселесіне нүкте қоюымыз қажет

Аптаның соңында маған баяндайсыздар, - деген еді дүйсенбі күнгі селекторлық отырыста Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашылығы, Көлік және коммуникация министрліктеріне, «ҚазАгро» ұлттық холдингіне, «Қазақстан темір жолы» компаниясына және облыс әкімдеріне тапсырма бере отырып.
Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» холдингі жиналған астықты алдағы уақытта қайда және қалай сатылатынын айқындап беруі қажет. Премьер-Министр АӨК-ді дамытуға Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың пайдалану мерзімін 2010 жылға ұзарту мәселесін қарастыруды тапсырды. «Бұл қаражатты компаниялар бойынша бөліп көрсетіңдер», - деді ол Ауыл шаруашылығы министрі мен «ҚазАгро» холдингінің басшысына қаратып сөйлеп. Онымен қоса, Үкімет басшысы тиісті ведомстволар басшыларына Астық одағымен және еліміздегі ірі астық сататын компаниялармен бірлесіп, бидайды банктердің кепілдігі арқылы өткізу мүмкіндігін қарастыруға өкім етті.
Сондай-ақ астық мәселесіне қатысты берген Премьер-Министрдің тапсырмаларының бірі - бидай сатуға деп нақтыланған бюджеттен бөлінген 5 млрд. теңгені тасымалдауға кететін шығындарды жабуға жұмсау. Ең бастысы, отандық диқандарға тиімді болатын тұсы - ел Үкіметінің егін себуге бөлінген қаражатының қайтарымын келесі жылға дейін ұзартуы. Көлік және коммуникация министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК-на 5 млрд. теңгені астық тасымалдауға жұмсайтын кездегі түпкілікті тізбесін жасау міндеті жүктелді. «Егер де бұл бағыттағы істеріміз біз ойлағандай болмаса, онда басқа жолдарын қарастырайық. Мәселен, қаржыландыру арқылы», - деген ұсыныс айтты К. Мәсімов.