Кәрім Мәсімов: Балабақшалар мәселесі Астана үлгісінде шешілуі тиіс
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өйткені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қарашаның 13-індегі тікелей эфирдегі елмен сұхбатында: «Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі біздің еліміздің білім беру жүйесіндегі басым бағыттардың бірі болып табылатынын» ерекше атап айтты.
Бұған дейін Үкімет басшысы барлық жауапты ведомстволарға балабақшаларға қатысты ахуалды талдауға тапсырма жүктеген-ді. Атап айтсақ, бөбекжайларға «қоныстанған» мемлекеттік органдарды көшіруге қатысты билік шешім қабылдаған болатын. Бейсенбі күні Премьер-Министр К. Мәсімов елордамыздағы бірқатар балабақшаларды аралап, көшпелі кеңес өткізді. Осы кеңесте бүгінгі күні Қорғаныс, Әділет, Ішкі істер министрліктерінің және басқа да мемлекеттік органдардың қарамағына өтіп кеткен мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелерді мемлекетке қайтару жөнінде тапсырма берілді. «Бұл жұмысты істеу біздің қолымыздан келеді. Сондықтан, оны аяғына дейін жеткізіңіздер», - деді Кәрім Қажымқанұлы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, ел Үкіметі балабақшаларды жөндеуден өткізуді 2010 жылы Жол картасы мемлекеттік бағдарламасының басты басымдықтарының бірі деп жариялады. Елордалық балабақшаларды көзімен көрген Үкімет басшысы оларды күрделі жөндеуге қажетті қаржыны бөлу тетіктерін әзірлеуге пәрмен берді. «Енді осы мақсатқа қажетті қаржы көздерін бөлудің тетіктерін қарастырып, нақты жүйесін әзірлеу керек», - деді ол көшпелі кеңесте сөйлеген сөзінде.
Онымен қоса, К. Мәсімов балабақшаларда қосымша орындардың ашылуы жөніндегі Үкімет шешімдерінің орындалуын БАҚ арқылы халықты хабардар етіп отыруды ұсынды. Премьердің пікірінше, өткір мәселені шешудегі Астананың тәжірибесі республикамыздың барлық аймақтарына үлгі бола алады.