Кәрім Мәсімов терроризмге қарсы орталықтың жұмысы бойынша мәжіліс өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 наурызда Астана қаласында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚР ҰҚК-нің баспасөз қызметі.
Отырыста террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстар үшін сотталған адамдарды дерадикализациялау, сондай-ақ оларды бостандыққа шыққан кезде одан әрі әлеуметтік бейімдеудің тиімділігін арттыру бойынша шаралар пысықталды.
Одан басқа, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде қоғамда белсенді азаматтық ұстанымды дамыту бойынша ұсыныстар талқыланды.
ТҚО отырысының қорытындылары бойынша тиісті хаттамалық шешімдер қабылданды.