Каримов ізбасарының алдыңғы бағыттан ауытқуы шектелген - М.Шибұтов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан өз көшбасшысынан айырылғаннан кейінгі барлық қауіптерге қарамастан бұрынғы президент Ислам Каримов кезіндегі саяси бағытын жалғастыра береді. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген қазақстандық саясаттанушы Марат Шибұтов осылай пікір білдірді.
«Өзбекстан Ислам Каримов кезіндегі бағытынан тайқып кетеді деп ойламаймын. Себебі, оқиғалар логикасына және ол жақта орын алып отырған жағдайға байланысты мұндай бағыттан қатты ауытқып кете алмайсың. Яғни, И.Каримов мұрагерінің бағыттан таюына кеңістік іс жүзінде ауқымды деу қиын және ол қандай да бір жаһандық емес, тек қандай да бір әкімшілік әрі экономикалық мәселелерге байланысты ғана. Сондықтан да Қазақстанмен қарым-қатынас тұрғысында бірдеңе өзгере қояды деп ойламаймын», - деді М.Шибұтов.
Оның айтуынша, кез келген елде биліктің ауысуы кез келген саяси жүйеге және толықтай алғанда қоғамға күйзеліс әкеледі.
«Сол себепті Өзбекстанның жаңа көшбасшысына өзінің заңды құзыретін нығайтып, халықтың рухын көтеру үшін қандайда бір жолдармен бұл проблеманың орнын толтыру қажет деп ойлаймын. Ал Қазақстанмен қарым-қатынасына қатысты тағы да айтарым, меніңше, түбегейлі ештеңе өзгере қоймайды», - деді саясаттанушы.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Өзбекстанның үкіметі мен парламенті ел президенті Ислам Каримовтың 79 жасқа қараған шағында қайтыс болғаны туралы ресми түрде хабарлама таратты. Жерлеу рәсімі бүгін, 3 қыркүйек күні Самарқандта болады.