Қарин Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай ұлттық арнаның жоспарымен бөлісті
«Биылғы ең үлкен айтулы даталардың бірі - Қазақ телевизиясының 60 жылдығы. Біз қазір осыған белсене даярланудамыз. Қазақ телевизиясының 60 жылдығы биыл наурыздың 16-да аталып өтеді. Үлкен салтанатты жиын мен бірқатар шаралар ұйымдастырылады. Біз бұл жұмысты бірнеше ай бұрын бастап кеткен едік. Ақпан айында Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үлкен конференция өтіп, өзіміздің аудиториямызды аштық. Болашақта осындай аудиторияны Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Ерлан Қарин Қазмедиада өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, ол жексенбі сайын Алтын қорда сақтаулы, кезінде жұрттың көңілінен шыққан бағдарламалардың көрсетіліп жатқанын атап өтті.
«Ақселеу Сейдімбектің, Сұлтан Оразалиннің, Сағат Əшімбаев қатысқан бағдарламалар эфирден берілді. Бұдан кейін де танымал тұлғалар жайлы бағдарламалар көрсетілетін болады. Сондай-ақ, алпыс жылдықтың аясында 12-16 наурыз аралығында біздің эфирде қазір көпшілікке танымал бағдарламаларды жүргізуге біздің ардагер журналистеріміз шығатын болады. Яғни, жаңалықтарды, басқа да бағдарламаларды жүргізуге кезінде ұлттық арнада қызмет еткен, Қазақ телевизиясының дамуына үлесін қосқан ардагер журналистер шығады. Осылайша, телевизия саласының дамуына үлес қосқан тұлғаларды тарту арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғағымыз келеді», - деді Ерлан Қарин.
«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы бұған қоса арнайы телевизиялық жобалар мен жаңа премьералардың басталуы наурыз мерекесіне арнайы жоспарланып отырғанын атап өттіп.
«Үлкен жобалармен, қызықты бағдарламалармен наурыз мерекесінде қауышатын боласыздар», - деп түйді Ерлан Қарин.