Қарияны ұрып, тонаған жамбылдық әскери қызметкер сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы 14157 әскери бөлімінің сержанты жұмыссыз жүрген сыбайластарымен егде жастағы қарияларды ұрып-соғып, тонағаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Қылмыстық іс Шымкент гарнизонының сотында қаралды.   

Жамбыл облысының Құмжота ауылында тұратын сержант жеке көлігімен жасы келген шаруаның шалғайдағы қора-жайына жеткізіп тастайды. Зейнет жасындағы кісінің ауылдан алшақ жерде әйелімен ғана тұратынын байқаған. Кейіннен ақсақалды Тараз қаласының маңындағы мал базарда 10-15 қой сатып жүргенін көреді. Осыдан кейін әскери қызметкерге тонау туралы арам ой келеді. Ол жұмыссыз жүрген екі ауылдасын ертіп, қойшының үйіне барады. Жол жөнекей арнайы әскери киімін киіп, Кеңес ауылынан 3 шақырым жердегі «Подхозға» келген. Қора-жайдың алдына жақындағанда үй иесі шығып, кім екендіктерін сұрапты. Сол кезде сержант өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, үйдегі қарудың құжаттарын тексеруге келгенін айтады. Зейнеткер оған сеніп, құжаттарды көрсеткенде әскери өзіне көрсетілген құжаттың мерзімі өтіп кетіп кеткенін айтқан. Айыппұл салмау үшін 30 мың теңге талап етіпті. Оған ақша жоқ деп айтқан ақсақалды ұрып, жерге құлатқан.  Сыбайластарымен бірге қария мен әйелінің екі қол-аяқтарын байлап тастайды. Артынша үйдегі сейфтің ішінен  1 300 000 теңге ақшаны және ұялы телефонын алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Осылайша жәбірленушілерге жеңіл  дене жарақатын салған.

Кейіннен полицейлер қылмыс жасағандарды қолға түсіріп, қамауға алды. Тергеу барысында олардың жасаған қылмыстары дәлелденді. Бірақ сотта жәбірленушілер келтірілген шығын қайтарылғанын айтыпты. Осы мән жайлардың барлығын ескерген сот әскери бөлімнің сержанты мен бір сыбайласын бес жарым жылға бас бостандығын айыруға, жазасын шартты мерзімде өтеу туралы үкім шығарды.

 Ал үшінші айыпталушы бұрын сотталуына байланысты 5 жылға түрмеге қамалды. Оның қылмыстық мүлкі тәркіленіп, жазасын катаң тәртіптегі колониясында өтеу белгіленді.

Сот үкімі күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар