Қарияның ұмытып кеткен сөмкесі ХҚКО-да жұртты дүрліктірді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барған қария ыдыс-аяқ салынған жолдорбасын ұмытып кетіп, салдарынан ХҚКО-дан адамдар түгел эвакуацияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияровтың хабарлауынша, ХҚКО-дағы күдікті сөмке туралы хабарлама кезекші бөлімге сағат 12.40-та түскен.
«Полиция қызметкерлері 70 адамды - келушілер мен техникалық қызметкерлерді қауіпсіз жерге шығарды. Оқу-жаттығу взводының мамандары жолдорбаны ашқанда, ішінен ыдыс шықты», - деді Бақытжан Құдияров.
13.40-та шұғыл әрекеттерді тоқтатуға команда берілді. Полицейлер егде жастағы ер адамның ХҚКО-ға келіп, жолдорбасын ұмытып кеткенін анықтады.