Қарыз алушы енді банк келісімінің талаптарын өзгерту үшін омбудсменге жүгіне алады
АСТАНА. KAZINFORM – 21 желтоқсанда несие беру кезіндегі тәуекелдерді төмендету, заем алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер күшіне енеді.

«Банктер және банк қызметі туралы» заңның 36-бабына заем алушыға банк шешімі шыққаннан соң немесе банктің несие жөніндегі келісім талаптарын өзгерту туралы екі тарапты да қанағаттандыратын шешімге келе алмаған жағдайда 15 күнтізбелік күн ішінде банк омбудсменіне жүгінуіне мүмкіндік беретін норма енгізілді. Шарт – қарыз алушы бір уақытта банкті (немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымды) де бұл әрекетінен хабардар етуі керек.
Банк омбудсмені жеке тұлға әуелі банкке жүгінгенін және онда екі тарапты да қанағаттандыратын шешімге келе алмағандарын дәлелдесе, өтінішті қарайды.
Сондай-ақ, заң бойынша банк омбудсменінің де мәртебесі айқындалды.
Банк омбудсмені – жеке тұлғаның және банктің құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қанағаттандыратын келісімге қол жеткізу мақсатында жеке тұлғаның банкпен жасасқан қарыз туралы келісімінен туындаған келіспеушіліктерді шешетін жеке тұлға.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне несиелеудегі тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер және толықтырулармен мына сілтеме арқылы танысуға болады.