Қарызданып құрбан шалуға болмайды — ҚМДБ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) күнтізбесіне сәйкес, 2026 жылы Құрбан айт 27–29 мамыр аралығында өтеді. Мерекенің алғашқы күні — 27 мамыр ресми демалыс. Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сейітбеков Құрбан айт пен Арафа күнінің мәні және құрбандық шалу тәртібі туралы түсіндірді.

Құрбан айт
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Арафа күні мен Құрбан айттың мәні

Құрбан айт — Ибраһим пайғамбардан қалған, тарихы 48 ғасырға созылатын қасиетті сүннет амал.

Мерекеден бір күн бұрын келетін Арафа күнінің де мұсылмандар үшін орны бөлек. Бұл күні қажылыққа барған миллиондаған мұсылман Арафат тауының етегінде дұға қылса, елде қалған қауым ораза ұстап, айтқа дайындық жасайды.

— Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күндердің ішіндегі ең жақсысы Арафа күні екенін айтқан. Бұл күні ұсталған ораза өткен жылғы және келер жылғы күнәлардың кешірілуіне себеп болады. Халқымыз ықылым заманнан бері Арафа күні үйінде иіс шығарып, шелпек пісіріп, ұлық мерекеге ерекше дайындалған, — дейді Смайыл Сейітбеков Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.

Смайыл Сейітбеков
Фото: Видеодан скрин

Құрбандық шалу кімдерге міндетті?

Бас мүфти кеңесшісінің айтуынша, құрбан шалу — бұл тек материалдық мүмкіндігі бар адамдарға ғана жүктелетін міндет. Шариғат бойынша, меншігінде 40 қойы, 30 сиыры, 5 түйесі бар немесе 85 грамм алтынға тең келетін бос қаражаты бар мұсылман құрбандық шалуға міндетті.

— Құрбандық шалуға жағдайы бар-жоғына қарамастан бәріне бірдей міндет деген қате ойдан арылуымыз керек. Қарызданып, қысылып-қымтырылып құрбан шалуға болмайды. Егер мүмкіндік болмаса, ол адамға ешқандай кінә артпайды. Ондай жандар айт намазына барып, қол жайып дұға жасап, айтшыласа жеткілікті, — деп түсіндірді дінтанушы.

Құрбан айтқа малды қалай таңдаймыз?

Құрбандыққа шалынатын малдың жасына және денсаулығына қойылатын шариғат талаптары қатаң. Атап айтқанда:

  • Қой мен ешкі — кемі 1 жасқа толуы керек;
  • Сиыр (ірі қара) — 2 жасқа толуы тиіс;
  • Түйе — 5 жасқа толуы шарт.
Шымкентте Құрбан айт мерекесіне орай мал союға арналған ресми орындар белгіленді
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Сонымен қатар малдың ақсақ-тоқсақ, соқыр, құлағы не құйрығы жартысынан көбі кесілген, немесе тым арық болмауы қажет. Маман базарларда 4-5 айлық қозыларды құрбандыққа сою заңға да, шариғатқа да қайшы екенін және ол құрбандық ретінде есептелмейтінін ескертті.

Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі мал базарларын аралап, саудагерлер мен кәсіпкерлерді мереке күндері бағаны қолдан шарықтатпауға шақырған.

— Бас мүфти халыққа ыңғайлы болуы үшін мал бағасын қолдан қымбаттатпауды, пайдакүнемдікке салынбауды сұрады. Себебі бұл күн — саудамен пайда табатын емес, сауап жинайтын күн. Құрбандық еті түгелдей дерлік әлеуметтік жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларға таратылады, — деді Бас мүфти кеңесшісі.

Қой мен ешкі бір адамның атынан ғана шалынады. Ал сиыр немесе түйе малын 7 адамға дейін бірігіп шалуға мүмкіндік бар. Алайда мұнда ниеттің түзулігі маңызды рөл атқарады.

құрбан айт
Фото: Видеодан скрин

— Ірі қараға біріккен 7 адамның да ниеті тек Алла ризашылығы үшін құрбан шалу болуы керек. Егер арасындағы бір адам «маған қонақ шақыруға ет керек еді» деген ниетпен қосылса, қалған 6 адамның да құрбандығы жарамсыз болып қалады. Сондай-ақ сойылған малдың етін үш бөлікке бөлген абзал. Бір бөлігі өз отбасына, екінші бөлігі туған-туыс пен көршілерге, үшінші бөлігі жетім-жесірлер мен мұқтаждарға үлестіріледі, — деп ескертті бас мүфти кеңесшісі.

Уақыты жоқ жандарға мүмкіндік: Онлайн құрбандық

Пандемия кезеңінен бері ҚМДБ тарапынан іске қосылған qurban2026.kz жүйесі биыл да белсенді жұмыс істейді. Бұл қызмет жұмыстан қолы босамайтын, іссапарда немесе денсаулығына байланысты мал базарға бара алмайтын азаматтарға үлкен жеңілдік.

 qurban2026.kz жүйесі
Фото: Видеодан скрин

Сайт арқылы азаматтар мал түрін таңдап, тапсырыс бере алады. Жауапты имамдар мен еріктілер малдың сойылу барысын видеоға түсіріп, тапсырыс берушіге кері байланыс орнатады. Онлайн форматта шалынған құрбандық еттері республика бойынша толығымен жалғызбасты аналарға, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға мұқият жеткізіледі.

Айт — татуласу мен кешірім күні

Смайыл Сейітбеков бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ел халқына жасаған үндеуін жеткізді. Биылғы Құрбан айт мерекесін «Татуласу күні» ретінде өткізу ұсынылып отыр.

— Айт — бұл өкпе-назды ұмытып, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен қайта табысатын, бір-бірімізді кешіретін ұлық сәт. Бабаларымыз айттап барып, көңіл сұрау, ел-жұртты шайға шақыру дәстүрін текке қалыптастырмаған. Сондықтан бұл күндері мейірімділік танытып, ізгі амалдарды көбейтуге тырысайық, — деп түйіндеді сөзін Смайыл Сейітбеков.

Еске сала кетейік, елордада Құрбан айт мерекесі қарсаңында санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін жазған едік.