Қарызға салынған жолдар бюджет қаржысына салынған жолдан 3 есе қымбат – аудит

строительство дороги жол құрылысы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Автожол саласында шұғыл шешімдер қабылдауды талап ететін жүйелі кемшіліктер анықталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

Оның айтуынша, соңғы төрт жылда автомобиль жолдарын салуға, реконструкциялауға және күтіп-ұстауға 1,9 трлн теңге бөлінді. Аудит деректері бойынша, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автожолдар үлесі 72% құрайды.

«Автожолдардың бұзылуына әкелетін негізгі факторлар – рұқсат етілген массадан асатын ауыр салмақты көліктің жүруі. Бұл – тасымалдау процесінің жекелеген топтардың мүдделерін қорғау және принципті позицияның болмауынан жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселе», - деді Ә. Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.

Спикер автоматтандырылған өлшеу станциялары бұл бұзушылықтарды дұрыс рәсімдемейтінін атап өтті. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда ауыр салмақты көліктердің жүруіне қатаң тыйым салынуы керек. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал үшін жауаптылықты күшейту қажет.

Оның үстіне жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және сараптама жасауды талап етпейтін орташа жөндеу жобалары жолдардың жай-күйінің нашарлауына әсер етуде.

«Мемлекеттің кепілдігімен алынған халықаралық қарыздар бойынша жобаларды басқару сапасының төмен екені және оларды іске асыру мерзімдерінің ұзаққа созылғаны анықталды. Бұл төленген және игерілмеген аванстарға қызмет көрсеткені үшін сыйақы төлеу арқылы бюджеттің шамамен 40 млрд теңгеге шығынға ұшырауына; жобалардың 294 млрд теңгеге қымбаттауына; «ҚазАвтоЖол» АҚ жұмсалғаны расталмаған 21 млрд теңге шығындарын төлеуге әкелді», - дейді Ә. Смайылов.

Мемлекеттің кепілдігімен тартылған қаражаттың қол жеткізілген нәтижелеріне тиісті бағалау жүргізілмейді. Осы қаражатқа іске асырылатын жобалардың өзіндік құнын ықтимал арзандату бойынша талдау жасалмайды.

«Мысалы, кепілдендірілген қарыз есебінен салынған бір км жолдың құны бюджет қаражатына салынған жолдан 3 есе қымбат. Құрылыс материалдарының тапшылығы және сапасының төмендігі жол салудың және жөндеудің өзіндік құнына да, автожол саласының жобаларын уақытылы іске асыруға да теріс әсер етеді», - деп сынға алды спикер.

Бұған дейін Ә. Смайылов теміржол саласындағы аудитті баяндап, ҚТЖ дефолтқа ұшырауы мүмкін екенін, бар пайда жеке тасымалдаушыларда екенін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram