Қарқаралыда адамдарға шапқан қасқырдан құтыру ауруы анықталды

Қарқаралыда малдар мен жануарларға қатысты шектеу енгізілді. Мұндай шараға қалада көзі жойылған қасқырдың сараптамасынан құтыру ауруының анықталуы себеп болып отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

 вакцина
Фото: Мұхтор Холдорбеков/МИА "Казинформ"

Қарқаралыда 2023 жылдың 27 желтоқсанынан бастап профилактикалық мақсатта шектеу шаралары жарияланды.

«Астана қаласындағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығында қасқырдың миын зерттегенде құтыру ауруы анықталды. Осыған орай Қарқаралы қаласында құтыру ауруына шектеу қойылады деген ойдамыз», - деп мәлімдеді Қарқаралы қаласының әкімдігі.

Осыған байланысты қалада келесідей шараларға тыйым салынады:

- иттер мен мысықтардың көрмесін өткізуге, құтыруға күдікті болған малдың өнімін (сүт, ет, тері) шығарып, тасымалдауға;

- ауыл шаруашылық жануарларын, иттер мен мысықтарды шығаруға және тасымалдауға;

Профилактикалық шаралар барысында иттер мен мысықтарды және басқа да жануарларды ұстау жағдайын тексеру бойынша аулаларды аралау жүргізілетін болады. Ауруға күдікті болған жағдайда, дезинфекция жүргізіледі. Сондай-ақ, барлық жануарларға (ауыл шаруашылық жануарлары, ит, мысық) құтыру ауруына қарсы екпе жасалады.

Бұл шектеу шаралары шамамен бір айға енгізіледі.

«Бүгінгі күнге Қарқаралы қаласы бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары мен иттерден және мысықтардан құтыру ауруы анықталған жоқ. Үйдегі малдарыңыз бен иттеріңізде құтыру белгілері байқалса, дереу аудандық ветеринариялық инспекцияға 31939, ветеринариялық станцияға 32304 номеріне міндетті түрде хабарласу керек», - деп қосты қала әкімдігінің өкілдері.

Еске салсақ, 21 желтоқсанда Қарқаралы қаласының көшелерінде қасқыр адамдарға шауып, үш тұрғын ауруханаға жүгінген болатын.