Қарқаралы ауданында жаңа тау шаңғысы және сауықтыру кешендері іске қосылмақ
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарқаралы ауданында тау шаңғысы және сауықтыру кешендері мен қонақ үйлер салу жоспарлануда. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімі Елдар Дүйсетаев туризмді дамыту туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қарқаралыда туризмді дамыту қажет. Әлеует зор, сондықтан біз кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана отырып, жаңа бағыттар бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Қарқаралының тарихи орталығы жаңғыртылады. Туризмді дамыту жобасы аясында инфрақұрылым, тау шаңғысы, сауықтыру кешендері, қонақ үйлер мен мейрамханалар құрылысын салуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Елдар Дүйсетаев.
Бүгінгі күні Қарқаралы аумағында және оның маңында 35 демалыс үйі мен қонақ үйлер шоғырланған, оларға жыл сайын жалпы алғанда үш мыңға жуық турист келеді. Жаңа туристік кешендер мен қонақ үйлер салудан басқа, дамбада қалалық жағажай ұйымдастыру жоспарлануда.
«Жасыл Қазақстан» жобасы аясында аудан бойынша алты мың түп көшет отырғызылды. Биыл да нақты жұмыстар жоспарланған. Сонымен бірге біз аймақты сапалы сумен, жақсы жолдармен қамтымай, туризмді дамыту пайдасыз екенін түсінеміз. Сондықтан жақын арада ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша «Жарлы-Қарқаралы топтық су торабы» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» компаниясы Республикалық маңызы бар Қарағанды-Аягөз-Бұғаз автожолын жөндеуге ЖСҚ дайындайды. Егер құжат биыл дайындалса, жөндеуге қаражат бөлу мәселесі шешілетін болады», - деді спикер.

Сонымен қатар, алдағы жылдары аудан орталығында жаңа стадион, бассейн салу, көшелер мен аулаларды жарықтандыру және абаттандыру жоспарлануда.