Қарқаралыда тағы екі дала өрті тұтанды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында 2 рет дала өрті шықты. Құтқарушылар олардың бірін ауыздықтап үлгерді. ТЖД қызметкерлері екінші өртпен әлі де күресіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарқаралыда тағы екі дала өрті тұтанды

Қазіргі уақытта Қарқаралы ауданында дала өртінің 2 жағдайы тіркеліп отыр. Ынталы ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта 49 гектар аумақта құрғақ шөп жанған. Өрт 14 тамыз күні 21:30-да ауыздықталды. Оны сөндіруге облыстық ТЖД-ның 10 қызметкері мен 2 техника, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 12 қызметкер мен 3 техника тартылды.

Екінші өрт Едрей ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым қашықтықта шыққан. Жалын шарпыған аумақ анықталып жатыр. Оны сөндіруге ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 17 қызметкер мен 5 техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ, Шет (2 өрт), Ақтоғай және Нұра аудандарында дала өрті тұтанып жатыр.

Өткен тәулікте Шет, Абай, Бұқар Жырау және Осакаровка аудандарында 11 дала өрті ауыздықталды. Оның аумағы 5-48 гектар аралығын қамтиды.

Еске салайық, кеше Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ТЖ режімі жарияланған Қарқаралы ауданына барды.