Қарқаралыдағы жаппай төбелес барысында кісі өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды

ҚАРАҒАНДЫ. 13 қараша. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлері қазан айының соңында Қарағанды облысындағы Қарқаралыда болған жаппай төбелес барысында ер адамды өлтірді деген күдікті азаматты ұстады. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.
None
None

«Облыстық ІІД-нің қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері 11 қараша күні Қарағандыдағы ЖОО-ның бірінде оқитын Қарағайлы кентінің 21 жастағы тұрғынын ұстады. Ұсталған азаматтың Қарқаралыдағы «Үлкен көл» жағасында орын алған төбелес кезінде 1977 жылғы ер азаматқа пышақ салғаны анықталды. Ер адам соның салдарынан мерт болды. Пышақ тәркіленді», - делінеді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен келіп түскен хабарламада.

Ұсталған азаматқа қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Полицияның ақпаратынша, оқиға орнында өткізілген жедел шаралардың барысында дөңгелектері жарылған УАЗ көлігі мен үш ұялы телефон табылды.

Бұрын хабарланғандай, 28 қазан күні Қарқаралы қаласында екі топ арасында төбелес орын алды. Соның нәтижесінде жергілікті ауруханаға 6 адам жеткізілді. Олардың біреуі, ЖШС-нің 35 жастағы жұмысшысы жүрек тұсына салынған пышақ жарақатынан көз жұмды.

Аталған фактілермен ҚР ҚК-нің 96 бабы (Кісі өлтіру) және 103 бабы (Ауыр дене жарақаттарын салу) бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Төбелеске қатысушылардың арасында сол күні демалыста жүрген полиция қызметкері де болды.

ТЖ-дан кейін өткізілген қызметтік тергеу нәтижелері бойынша Қарқаралы аудандық ІІБ-нің бастығы, оның орынбасары, әкімшілік полиция бөлімі бастығының орынбасары, патрульдік полиция взводының командирі қызметтерінен босатылды. Бұдан басқа, төбелеске қатысы бар патрульдік полиция взводының қызметкері де жұмыстан шығарылды.

Соңғы жаңалықтар