Карл Дженкинс «Астана Опера» театрында «Тілеп» және «May night» («Абай», «Шәкәрім») сюиталарының премьерасын ұсынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 мамырда «Астана Опера» театрының негізгі залында Марат Бисенғалиев басқаратын Алматы симфониялық оркестрінің орындауында Карл Дженкинстің «Тілеп» және « May night» («Абай», «Шәкәрім») сюиталарының тұсауы кесіледі. Тұсаукесер Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған, деп хабарлады «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.
Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары, заманымыздың ең танымал композиторларының ондығына кіретін атақты Карл Дженкинстің бірегей авторлық өңдеуіндегі қазақ тақырыбына арналған сюиталарын тыңдайды. Автордың «Тілеп» және «May night» («Абай», «Шәкәрім») шығармаларын дүниеге әкелерде оларға қызығып, білек сыбана кіріскені соншалықты, ол тіпті, көшпенділердің музыкалық мәдениетін және қазақтың халық аспаптарын зерттеу мақсатында, 2005 жылы Қазақстанға арнайы келіп қайтқан.
«Астана Опера» театрында Карл Дженкинс тыңдарман алдында дирижер ретінде өнер көрсетеді. Керемет музыканы Марат Бисенғалиевтің басшылығымен құрылған «Алматы симфониялық оркестрі» орындайды. Елімізбен қатар шет елдерде атағы шыққан маэстро оркестрінің құрамында Қазақстанның мықты музыканттары, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары бар. Оркестр қазақ халқының мәдени мұрасын қазіргі заманға сай музыкалық және орындау өнерінің тілінде бүкіл әлемде лайықты орындап жүр.
Скрипкадағы соло партиясын асқан шебер скрипкашы, әлемдік мәдениетке қосқан үлесі үшін алтын дискілердің және көптеген мемлекеттік сыйлықтардың иегері, Carnegie Hall, Lincoln Centre (New York), Wigmore Hall, Barbican Centre, Royal Albert Hall, Royal Festival Hall (London) сияқты әлемдік концерттік сахналарда өнер көрсетіп жүрген Марат Бисенғалиев орындайды.
Естеріңізге сала кетсек, бұл концерт 2014 жылғы 12 қарашада Нью-Йорк қаласындағы әлемнің ең беделді Карнеги Холл сахнасында үлкен жетістікпен өткен болатын. Әйгілі британдық композитор К. Дженкинстің шығармаларының тұсаукесері Қазақстанның мәдени өмірінде үлкен әрі маңызды шара болмақшы.
Концерттің бас демеушісі - меценат Сапар Ысқақов. Ол - «SONY BMG» компаниясының Алтын дискі иегері (Ұлыбритания, 2006), ұлттық конкурс-фестивальдің лауреаты, ұлттық мәдениетті қолдауға қосқан үлесі үшін 2005, 2006, 2008 жылдардағы «Алтын Адам» - «Жыл адамы» атағының иегері. «Королева Виктория» (Ұлыбритания, Оксфорд, 2007), «Құрмет» ордендерімен (Қазақстан) марапатталған.