Карл Фроч: Головкинді «жеңілмейтін боксшы» мәртебесінен айырғым келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екінші орташа салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы, 37 жастағы британдық Карл Фроч ол WBA (Super) және WBC (Interim) нұсқасы бойынша орташа салмақтағы әлем чемпионы, 33 жастағы қазақстандық Геннадий Головкинмен айқасқа шықса, оны жеңілуді білмейтін боксшы мәртебесінен айыратынын айтты.
Бұл туралы Sports.kz. жазады.
«Кіммен болса да жекпе-жекке шығуға әзір екенімді талай айтқанмын», - деген Фрочтың сөзін келтірді BoxingScene.com. - Менің жекпе-жектер тізімімді көргендер кез келген қарсыласқа төтеп бере алатынымды бірден байқайды. Мен Жан Паскаль, Миккель Кесслерден бастап, P4P рейтингінде 2-ші орында тұрған Андре Уордке дейінгі әлемнің үздік боксшыларымен жұдырықтастым». «Головкин бе? Мен ешкімнен де қорықпаймын, - деп сөзін жалғады Фроч. - Егер бокста қалатын болсам, онымен айқасқа түсу - арманым. Оны жеңілмейтін боксшы мәртебесінен айырғым келеді. Головкин - орташа салмақта ғой, одан күштірек екеніме, оның соққыларына төтеп бере алатыныма сенімдімін. Ол - таңқаларлық шеберлікпен айқасатын ерекше боксшы, кез келген орташа салмақты боксшы үшін аса қауіпті деп те айта аламын. Алайда оның екінші орташаға келгенде қалай айқасатыны жайлы ешкім білмейді».
«Соққыларымен қарсыласын жайпаған, бәрі керемет деп жоғары бағалаған жігітпен жекпе-жекке шығу ерекше оқиға болары сөзсіз. Одан не күтесіздер? Біле білсеңіздер мен Артур Абрахаммен жұдырықтасқам. Ол орташа салмақта барша қарсыласын нокаутқа жіберген боксшы болатын. Ал мен оны раунд бойынша 12-0 есебімен ұттым. Жұрт таң қалды», - деді Фроч.