Қарлығаш Тәшімова: Ар алдында таза болу үшін қиындықтар мен кедергілерге шыдау керек

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ар-ожданның алдында таза болу — қиындықтар мен кедергілерге шыдау. Бұл – ақмолалық полиция майоры Қарлығаш Тәшімованың өмірлік ұстанымы. Ол еңбекке деген құлшынысы мен табандылығының арқасында биік белестерге қол жеткізіп отыр.

Қарлығаш Тәшімова: Ар алдында таза болу үшін қиындықтар мен кедергілерге шыдау керек

Бүгінде Қарлығаш Ақмола облыстық ПД заңсыз көші-қонмен күресу жөніндегі арнайы жеке взводының инспекторы қызметін атқарып жүр. Өз ісіне шебер жанның жеткен жетістігі мен алған асуы өзінен кейінгі жастарға үлгі болардай. 2007 жылы Б.Момышұлы атындағы ІІМ Шымкент заң колледжін, кейін 2011 жылы ҚР ІІМ Алматы Академиясын үздік тәмамдаған ол еңбек жолын Павлодар облысы Баянауыл ауданында бастапты. Содан бері 20 жылға жуық бір салада тапжылмастан істеген еңбегінің арқасында ол құқық қорғау саласында мол тәжірибе жинақтаған. Сол себепті ұжымда да сыйлы. Иық тірестіріп бірге қызмет істеп жүрген әріптестері мен құрбылары Қарлығаш Тәшімованы «білікті тәртіп сақшысы әрі өз ісінің майталман маманы» дейді.

«Сүйікті ісіңнің тереңіне бойлаған сайын қызығы да, шыжығы да молая түседі. Бұл кызметке ең басты керегі - төзім, сауаттылық. Шыдамдылыққа үйретеді. Жауапты жұмыс болғандықтан, басшылардың берген тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындауға тырысамын. Әріптестерімнен да осыны талап етемін. Бұл менің жауапкершілігімнің белгісі», - дейді Қарлығаш Тәшімова.

Бойында туа біткен осындай асыл қассиеттерінің арқасында ол құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған түрлі байқауларға қатысып, зор марапаттарға бөленіп келеді.

Мәселен, 2008 жылы ІІМ қызметкерлері арасында өткен байқауда 3-орын, 2011 жылы көркемөнерпаздардың республикалық «Жан жүрегім - Қазақстан» атты патриоттық әндер байқауында 2-орын алуы, 2013-2014 жылдары «Парасатты полицей» республикалық сайысында топтық өнер көрсету бойынша дипломант атануы, сондай-ақ, 2014 жылы Мәскеу қаласында «Еуразия» телеканалы өткізген «Лучший город КЗ», 2013-2015 жылдар аралығында «Екі жұлдыз» бағдарламасына қатысып, СҚО ПД мәдениет орталығындағы вокалдық топпен «Ел жүрегі-Астана» атты патриоттық ән байқауында жүлделі 1 және 2 орындардан көрінуі Қарлығаштың қаншалықты жан-жақты адам екенін көрсетеді.

Ол, сондай-ақ, өзінен ақыл-кеңес сұрап келген жастар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созудан жалыққан емес. Өзі сияқты нәзік жандылар оның қиындықтарға мойымайтын қасиетін, еңбекке деген құлшынысын үлгі тұтуда. Қазіргі кезде ол қызмет істеп жүрген Ақмола облыстық ПД заңсыз көші-қонмен күресу жөніндегі арнайы жеке взводы өңірде көші-қон мәселесіне қатысты заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу бағытында жұмыс істейді. Сондықтан оған тәртіп сақшысы ретінде үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Әйел - ана, шаңырақтың ұйытқысы десек, бүгінгі таңда Қарлығаш Тәшімова отағасы мен балаларының да бабын тауып, қызметінің де берекесін келтіріп жүрген жайы бар.

«2008 жылы Азамат Қабиевпен жұмыс барысында танысып, отбасын құрып, бір әулеттің отын жақтым. Бүгінде жұбайым екеуіміз Темірлан және Томирис есімді екі баланы тәрбиелеп отырмыз. Өмірлік серігім Азамат та Ақмола облысы ПД патурльдік полиция баталоны взводының командирі, отбасымның қамқоры мен тірегі», - дейді кейіпкеріміз.

Дана халқымыз «әйел - ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі» деп бекер айтпаса керек. Оған Қарлығаш Тәшімованың құқық қорғау саласының дамуына қосып отырған үлесі мен отбасылық өмірі айқын дәлел.