Қармақшы ауданының орталығына газ тартылады - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап Қармақшы ауданының орталығы - Жосалы кентіне газ тартылады. Бұл туралы аудан әкімі Сұлтан Мақашов халықпен есепті кездесу барысында айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Арал, Қазалы, Байқоңыр тұрғындарымен қатар қармақшылықтар да көгілдір отынның игілігін көретін күн жақын. Былтыр жарты миллиард теңгеге «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырының 14,5 шақырымдық желісі тартылды. Қазірде автоматтандырылған газ тарату бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Нысан іске қосылғанда ондаған жергілікті тұрғынға жұмыс орны ашылады. Айта кетсек, өткен жылдың соңында аудандағы бес мектеп пен бір балабақшаға газ тартылды.
«Былтыр «Бейнеу-Бозой-Шымкент» тікелей тартылатын магистральді газ құбырының құрылысы басталды. Автоматтандырылған газ тарату бекетіне дейінгі құрылыстарға биыл қалған қаржылары республикалық бюджеттен қаралып тұр. Осы мамыр айының аяғында бітірсек, әрі қарай Жосалы кенті тұрғындарына, көшелеріне тартылатын жоба бойынша республикалық бюджеттің 3 жылдық жоспарында қаралды. Алдағы 2 жыл ішінде Жосалы кенті тұрғындары осы жақсылықты көретін болады», - деді аудан әкімі Сұлтан Мақашов.