«Карметкомбинат» базасында жел электр стансасына қажет металл өндірілуі мүмкін

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов «Карметкомбинат» базасында жел электр стансасына қажет металл өндірілуі мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Райымбек Баталов
Фото: atameken.kz

«Карметкомбинатқа» келетін нақты инвестордың кім екенін әзірге білмейміз. Өйткені процедуралық мәселелер түсіп жатыр. Бірақ кейінгі екі жылда осы кәсіпорынның жеткізушілерімен байланысты өте көп шағым бар екенін айтқым келеді. Кейде ақысын уақытында төлемейді, кейде келісімнің шартын орындауда мәселе туындап жатады. Қазір осы ахуал біртіндеп жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз. Үкімет жағдайды бақылауға алған. «Карметкомбинаттың» жеткізушілерімен байланысты мәселелері жақсарып келеді», - деді ол Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің сегізінші бизнес форумында.

Айтуынша, бұл жобаға соншалықты қомақты инвестиция да қажет емес.

«Қазақстандық мазмұн туралы айтқанымдай, жобалар бар. «Карметкомбинаттың» серіктестері металдың жаңа сұрыптарын талап етіп отыр. Ондай металды кәсіпорын өндіре алады. Оған шағын инвестиция ғана қажет. Біз келетін жаңа инвестор осыны қолға алады деп үміттенеміз. Мысалы, жел электр стансасына қажет мұнараны жасайтын металл қажет. Ол металл өндірісін жолға қою үшін «Карметкомбинатқа» шағын инвестиция жетіп жатыр. Олар шығармаса, бұл металды Қытайдан, Ресейден аламыз. Өзіміздің әлеуетіміз тұрғанда бізге ол не керек?», - деді Райымбек Баталов.