Қаршыға Ахмедияров - Еділ мен Жайықтай қос ішекті домбыраны бүгінгі ұрпаққа аманат етті - Иманғали Тасмағамбетов

АЛМАТЫ. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін қазақ халқының, қазақ өнерінің бір қабырғасы құлады. Қазақ деген халықтың өзге елден ерекше бір өнері болса, бұл - күй өнері. Сол өнердің сонау Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап пен Динаның өмірдегі өзіндей, өнердегі көзіндей болған Қаршыға Ахмедияров өмірден өтті.

Қаршыға Ахмедияров - Еділ мен Жайықтай қос ішекті домбыраны бүгінгі ұрпаққа аманат етті -  Иманғали Тасмағамбетов

ХХ-шы ғасырда қазақтың күй өнері жойыла жаздап, тілі мен ділі талан-таражға түскен шақта Қаршыға қанатымен су сепкендей, қазақтың күй өнерін сақтап қалды. Еділ мен Жайықтай қос ішекті домбыраны кешеден бүгінге аман табыстап, бүгінгі ұрпаққа аманат етті, деді бүгін Алматыда домбырашы, күйші, композитор, Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияровты соңғы сапарға шығарып салу кезінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші Рақым Тәжібаевтың пікірінше, Қаршыға Ахмедияров - күй өнерінің Қаршығасы, күйшілердің арасындағы ең жарық жұлдыздың бірі. «Қаршығаның есімі мәңгі өлмек емес. Өйткені, оның артында ұлан ғайыр еңбегі, шығармалары, шәкірттері қалды. Соңында мәңгі есінде ұстайтын халқы бар, оның халқына істеген еңбегі мәңгі ұмытылмақ емес», деді ол.

Қаршыға Ахмедияровтың шәкірті, бүгінде елімізге танымал болған орындаушы Асылбек Еңсеповтың айтуынша, ол кісі оның пір тұтатын ұстазы. «Мен мектеп жасынан Қаршыға Ахмедияровты білемін. Мен ұстаздарымның ішінде ең алдымен Қаршыға Ахмедияровты бірінші орынға қоямын. Сондықтан, ол кісіге ұқсағым келеді. Консерваторияда оқып жүрген кезімде, кейіннен де, дәстүрлі музыкада, шығармашылықта ол кісі маған дұрыс жол сілтеп отыратын. Мен ұлы шебер адамнан білім алғандығымды мақтан тұтамын», деді ол.

"Көкіл" мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергеновтың айтуынша, Қаршыға Ахмедияров сынды орындаушылардың арқасында дәстүрлі музыка өмір сүруде. «Қаршыға ағамыз сияқты тұлғалар ғасырда бір рет туады. Ол кісі ұлы қазақ композиторларының ізін жалғастырушы, әрі сақтаушы. Оның орындауындағы Махамбет күйі жаңа өмір алған болатын. Қаршыға Ахмедияров - барлық домбырашылар үшін жоғары деңгейлі шебер орындаушы болып қалады. Оның өнерге деген адал қызметі - барлық шәкірттері мен оқушыларына мысал болып қалары сөзсіз», деді ол.