Қарсыбаевтар әулеті «Мерейлі отбасы» атанды - Түркістан облысы
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында «Мерейлі отбасы - 2019» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараны Түркістан облысы әкімдігі және өңірлік Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқау биыл алтыншы рет өткізілді. Адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғырту мен отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған байқауға 16 аудан-қаладан 58 отбасы қатысты. Арнайы комиссияның шешімімен олардың арасынан 30 отбасы үздік деп танылды. Қорытынды кезеңде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің алғыс хатымен барлық 28 отбасы (лауреаттары) 200 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Ал Шардара ауданынан Қарсыбаевтар мен Бәйдібек ауданынан Еркебаевтардың отбасылары - 1 млн теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Мерейлі отбасы - 2019» конкурсында жеңімпаз деп танылған екі жанұя қыркүйек айындағы отбасы күніне орай өтетін республикалық байқауға қатысып, облыс намысын қорғайды.
Айта кетейік, Түркістан облыстық «Олимпиада резервінің мамандандырылған № 4 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі» МКҚК директоры Арман Қарсыбаев армрестлингтен Азияның абсолютті чемпионы. 2001-2017 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында Армрестлинг спортының негізін қалаған, 2005 жылы Токиода өткен армрестлингтен Әлем чемпионатының жеңімпазы, спорттың осы түрінен ҚР-дың Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ел чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы. Сондай-ақ Азия чемпионы, Азия кубогының иегері, «Шардара ауданының Құрметті азаматы». Ол спорттың биік шыңын өзі ғана бағындырып қоймай, 25 әлем чемпионын, 29 әлем чемпионатының жүлдегерлерін, 19 әлем кубогының иегерін, 132 Азия чемпионын тәрбиелеген бапкер.
Үлкен ұлы -Дияр Арманұлы да әке жолын қуып, бокспен айналысады. Қазір спорт шеберіне үміткер, Қазақстан Ұлттық құрама командасының мүшесі, Халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Екінші ұлы Данияр армрестлингтен Қазақстан Республикасының чемпионы, спорт шебері, Қазақстан Ұлттық құрама командасының мүшесі. Қыздары Аяжан мен Аружан мектеп оқушысы болса, кенжесі Асылай балабақша тәрбиеленушісі. Анасы Күлсара зейнеткер, тыл ардагері. «Әлемнің асылы» медалінің иегері. «Бақытты басқадан емес, балаңнан ізде», - деген Арман Қарсыбаев пен жары Гүлмира бүгінде өнегелі отбасын құрып отыр.
