Қарт Каспийден өр Алтайға: велосаяхатшы 4 500 шақырымды жүріп өтті

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстаулық 62 жастағы велосаяхатшы 4500 шақырымдық жолды жүріп өтті. Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, кәсіпкер, меценат Раббим Борашовтың Қарт Каспийден өр Алтайға дейінгі велосапары аяқталуға жақын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Ақтау – Мұзтау» велосапарының негізгі мақсаты – аталардың жүрген жолымен, басқан ізімен жүріп өту. Қазақтың ұланғайыр даласын велосипедпен шарлап, жол-жөнекей киелі жерлер мен елдерге соғып, аққулы көлі мен қаңбақты шөлін өз көзіммен көру, сезіну еді. Осы арқылы ішкі туризмді дамытуға үлес қосып, қазақ даласының кереметтерін әлемге паш еткім келді. Бұған қоса, салауатты өмір салты мен тарихи мұраларымызды насихаттауды жөн көрдім. Алшақ жатқан елді мекендерді орталыққа тас жолдармен байланыстыруды, жаңа ұрпаққа жеріміздің кеңдігі мен тарихымыздың байлығын дәріптеу секілді миссиялардан тұрады», - дейді Раббим Борашов.

Велосаяхатшы бұл сапарын 2020 жылы бастаған болатын. Киелі Маңғыстаудан басталған сапар Шалқар елді мекені арқылы Торғай даласына, Атбасар арқылы 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласына жетіп тоқтаған.

Биыл маусымнан қайта жалғастырған ол Нұр-Сұлтаннан Қарағанды-Қарқаралы арқылы Абай мен Шәкәрім тарихи-мемориалды кешеніне соғып, жаңа облыс орталығы Семей қаласында тоқтады. Содан соң Өскемен-Қатон-Қарағай бағытымен Берел қорғаны арқылы Қарақөлге жетті.

Саяхатшы 4 500 шақырымды артқа тастап, сапардың соңғы мәресі – өр Алтайдың Мұзтауына да таяды. Алда 40 шақырымдай жол қалды. Раббим Борашов ол жолды атпен жүруді жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар