Қарт майдангер Мүбәрак Кәкенов: Біз көрген соғысты келешек ұрпақ көрмесін!

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әскерінің қуатты техикасының көрсетілуі өте маңызды. Бүгін Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында өткен Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадтан кейін ҰОС ардагері Мүбәрак Кәкенов осылай мәлім етті.

Қарт майдангер Мүбәрак Кәкенов: Біз көрген соғысты келешек ұрпақ көрмесін!

Осы орайда қарт майдангер бүгінгі парадтың ұйымдастырылуы деңгейіне өз алғысын білдірді.

«Ұлы Жеңістің 70 жылдығын аман-есен қарсы алып отырмыз. Бұл, әрине, тәуелсіздігіміздің арқасы. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Біз көрген соғысты келешек ұрпақ көрмесін! Бейбіт заман болсын! Барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне зор денсаулық тілеймін! Аспанымыз ашық болып, елімізге Алла тағала тыныштығын берсін!», - деді М. Кәкенов.

Ардагердің айтуынша, ол кісі соғыстың аяғына дейін қатысып, елі үшін қан майданда басқыншы жауға қасқайып қарсы тұрған. Соғыста көрсеткен ерлігі де ескерусіз қалмаған. «Отан соғысы», «Берлинді алғаны үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Украинаны азат еткені үшін» ордендерімен марапатталған.

«Мен өзім Бірінші Беларусь майданында болып, Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатыстым. 1945 жылдың 2 мамырында Берлинге басып кіріп, Жеңіс күнін сол жерде тойладық. Соғыстан кейін елге оралып, үйленіп, 11 баланың әкесі болдым», - деп еске алады ардагер.