Картаңызға бөтен адамнан ақша түссе, не істеу керек – заңгер кеңесі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Егер банк картаңызға бейтаныс адамнан күтпеген жерден ақша түссе, оны бірден қайтару туралы ой келетіні түсінікті. Алайда ақшаны өз бетіңізше кері аударуға асықпаған жөн. Қате аударым неге мәселе тудыруы мүмкін және ақшаны қауіпсіз қайтару үшін не істеу керек? Заңгер түсіндіріп берді.

Картаңызға бөтен адамнан ақша түссе, не істеу керек
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Заңгер Дайана Дүйсенбекова ақшаны бірден кері аударуға асықпауға кеңес береді. Әсіресе ақша жіберген адам қаражатты басқа реквизиттерге аударуды сұраса, сақ болған жөн.

- Сіз бұл ақшаның қайдан келгенін және шынымен қателесіп жіберді ме, өз бетіңізше анықтай алмайсыз. Кейде бұл алаяқтық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін. Алаяқтар ұрланған ақшаны «жылыстату» үшін қарапайым азаматтардың шоттарын пайдаланып, атқарушы органдарды шатастыруға тырысады, - деді маман.

Ең кең тараған алаяқтық тәсілдерінің бірі – «Үшбұрыш» схемасы екен. Алаяқ желіде өтірік онлайн-дүкен аккаунтын ашып, жоқ тауарды сатуы мүмкін. Заңгердің айтуынша, алаяқтар ұсталып қалмас үшін «клиенттеріне» басқа шотты айтады, ол сіздікі болуы мүмкін. «Клиент» ақшаны сізге аударады. Осы сәтте алаяқ сізге қоңырау шалып, қателесіп кеткенін айтып, ақшаны басқа картаға аударуды өтінеді. Егер еш ойланбай аударып жіберсеңіз, кейін алданған клиент тауарды алмағаны үшін сізді сотқа береді. Себебі ақшаны ол сізге аударды. Осылайша қылмыстық іске қатысушы болып кетуіңіз мүмкін, яғни «дропперлік» бойынша күдікке ілінесіз.

- Бас прокуратура алаяқтардың жәбірленушіден 20 миллион теңгеден астам қаражатты ұрлап, төрт адамның шотына аударғаны туралы істі жақында мәлімдеген еді. Бұл адамдар ақшаның қайдан келгенін түсінбей, ақшаны айтылған шотқа аударған. Кейін олар «Негізсіз баю» бойынша істі болды, - деді Дүйсенбекова.

Қай кезде қылмыстық іс қозғалады?

Дроппер дегеніміз – заңсыз ақша аударымын жасауға көмектескен адам. Кейде адам біле тұра, мұндай операцияларды ақшалай сыйлық үшін орындайды. Маманның айтуынша, Қазақстанның Қылмыстық кодексінде дропперлік үшін 232-1 бап енгізілді. Бұл бап бойынша қылмыстың ауырлығына қарай айыппұлдан бастап мүлкі тәркіленіп, жеті жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.

Бөтен адамнан келген ақшаны қайтармаса не болады?

Алайда ақшаның қателесіп картаға түсуі оны иемденіп, жұмсауға болады дегенді білдірмейді.

Азаматтық кодекстің 953-бабына сәйкес, басқа адамның есебінен негізсіз алынған ақша не мүлік иесіне қайтарылуы керек. Заңгер мұндай кезде ақша жіберуші азаматтық сотқа жүгіне алатынын айтады. Салдарынан сіз ақшаны қайтарып беріп қана қоймай, үстінен сот шығындары мен адвокат ақысын төлеуіңіз керек болады.

Белгісіз адамнан ақша түссе, не істеу керек?

Маман банкке хабарласып, біреуден ақша түскенін мәлімдеу керегін айтады.

- Біреу аударған қаражатты жұмсамаңыз, қолма-қол ақшаға ауыстырмаңыз немесе басқа шоттарға аудармаңыз. Кей банктердің қосымшасында қате аударым деген функция бар. Қоңырау шалып ақшаны талап еткен адамға сол функцияны қолдануын талап етіңіз. Егер мұндай функция болмаса, банктің қолдау қызметіне қоңырау шалып, белгісіз төлем түскенін хабарлауға болады, - деп түсіндірді заңгер.

Еске салайық, заңгер жүргізуші айыппұлдың күшін қалай жоя алатынын айтқан еді.