Картоп экспортына шектеу. Түркістандағы шекара бекеттерінде бақылау күшейтілді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірде штаб құрылып, шекара аймақтары бақылауға алынды.

Түркістан облысының барлық кеден бекеттеріндегі карантин инспекторларына және аудандық инспекция қызметкерлеріне картоп экспортына енгізілген шектеулер ескертіліп, бақылау күшейтілді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сарыағаш теміржол станциясында ведоствоаралық мәжіліс өткізіп, штаб міндеттерін белгіледі. «Қазығұрт» кеден бекетінде шекарашылармен кездесіп, қадамдық жоспармен таныстырды.
Жалпы өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Тұрақтандыру қорында 4 309 тонна картоп өнімімен форвартық келісімшарт жасалған.
19 қаңтардағы жағдай бойынша тұрақтандыру қорының қоймасында 110 тонна, шаруа қожалықтарының қоймасында 3 541 тонна картоп сақтаулы тұр. Бұл қор 3 айға қажеттілікті қамтамасыз етеді.
— ҚР Сауда және интеграция министрлігіне Пәкістан Республикасынан тасымалдауға ерте пісетін картоп өніміне ақпан айынан бастап ар айға 500 тоннадан (4 айға 2000 тн) өтінім берілген. Биылғы болжам бойынша өңірімізде ерте пісетін картоп (мамыр, маусым, шілде) 6 844,4 га орналастырылып, одан 186,3 мың тонна өнім жинау жоспарланған. Бұл өз кезегінде мамыр айынан бастап өңір тұрғындары мен басқа облыс халқын ерте пісетін картоппен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында, 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды.
Ал, ауыл шаруашылығы министрлігі картоп қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті екендігін мәлімдеген болатын.