«Картоп - қытайдікі, алма - ирандікі, қияр - өзбектікі. Қазақ сонда не өсіреді?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 22-сі, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Картоп - қытайдікі, алма - ирандікі, қияр - өзбектікі. Қазақ сонда не өсіреді?» - республикалық басылымдарға шолу

«Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мамырдың 21-інде Санкт-Петербург қаласына келді. Мұнда Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше елдер (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінің Үкімет басшылары деңгейіндегі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше (ТМД) елдер Үкімет басшылары кеңесінің отырыстары болып өтті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Ынтымақтастық өнегесінің өміршеңдігі» атты мақаласында. Жарияланымда аталған отырысты ашқан Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путиннің «ЕурАзЭҚ аясында интеграцияланудың ең жоғарғы сатысы - Кеден одағы сәтті бастау алды. Біз қазір Кеден одағының кедендік тарифтерін сәйкестендіретін алғашқы кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Ал 1 шілдеден бастап тәуелсіз үш мемлекеттің халқы бірыңғай кедендік кеңістікте өмір сүретін екінші кезеңге аяқ басатын боламыз», деген сөзі келтірілген.

«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Түрік Республикасы Бас штабының бастығы, армия генералы Илькер Башбугпен кездескен. Кездесу барысында тараптар әскери және әскери-техникалық саладағы қарым-қатынастардың даму қарқынына қанағаттанарлық ниет білдірген. «Әріптестіктің негізгі бағыттары еліміздің әскери қызметшілерін Түркияның әскери оқу орындарында оқыту, қазақстандық арнайы мақсаттағы бөлімшелерді дайындау мен оларды жарақтандыру, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін реформалау үдерісіне жәрдем көрсету болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстан Қорғаныс министрі мен Түрік Бас штабы бастығының өткен жылғы күзде Анкарадағы кездесуінде қол жеткізілген негізгі келісімдері жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін түрік әскери мамандарының көмегімен «Командос», «Арнайы мақсат», «Мергендер дайындау», «Ішкі қауіпсіздік» бағдарламалары бойынша 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші дайындықтан өтті. 2007 жылдан бері Аэроұтқыр әскерлерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің 400 жауынгері «Командос»" курсы бойынша тәжірибеден өтті», деп жазады басылым.

Осы басылымның «Парламент» арнаулы бетінде бірнеше мақалалар топтамасы жарияланды. Мәжіліс депутаты Құрманғали Уәлидің Үкімет басшысына жолдаған сауалында Қытайда тұратын қазақтарға, жалпы аз ұлттарға жеңілдік жасау арқылы қытайландыру саясаты кеңінен жүргізіліп келе жатқандығы баяндалған. «Мәселен, қазақ жиі қоныстанған ауыл-аудандардағы қазақтарды Қытай ұлты шоғырланған ауыл-аудандарға көшіріп апарып, біртіндеп сіңіріп, тегін егістік жер, баспана салып беріп, түрлі жеңілдіктер жасау арқылы оларды байытуға күш салып жатыр, бұл саясат нәтижесін де бере бастады. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасыларының балаларын қазақ көп қоныстанған ШҰАР-дан орталықтағы қалалардың ЖОО-ларына тегін оқытып, университет бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметкер ретінде жұмысқа алуда. ЖОО-ларға аз ұлт жастарын қабылдауда қытайлықтарға қарағанда көбірек қызықтыру үшін 30%-40% жеңілдік жасалған», делінген депутат сауалында.

***

«Тасқыннан тағы қауіп төніп тұр». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген мақалада алдағы тәуліктерде еліміздің Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында нөсер жаңбыр жауып, соның салдарынан өзен-сулар арнасынан тасып, сел жүру қаупі бар екендігі жазылған. Гидрометеорологтердің болжамына сәйкес жауын-шашынның мол түсуі салдарынан мамырдың 22-сі күні Алматы облысындағы өзендердің деңгейі көтеріліп, арнасынан асуы ықтимал.

Бүгінгі нөмірін спорт тақырыбына арнаған «Алаш айнасы» газетінде қазақ халқының ұлттық спорт өнеріне қатысты бірқатар мақалалар топтамасы жарияланған. Сонымен қатар «Ой-көкпар» айдарында да білікті мамандарға «Қазіргідей көзқараспен қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізе аламыз ба?» деген сауал қойыпты. Осы сауалға жауап берген Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев пен Қазақ спорт және туризм академиясының проректоры Елемес Әлімханұлының бір-біріне қарсы пікірлерін басылымның сенбілік нөмірінен оқи аласыздар.

«Алаш айнасы» газетінің «Дат!» айдарында Халықаралық және ҚР тоғызқұмалақ қауымдастығының төрағасы Әлихан Байменовпен арадағы сұхбат «Тоғызқұмалақ жарысында ұтатын - қазақтың зияткерлігі мен қазақтың мәдениеті» деген тақырыппен берілген. Екуеара әңгіме барысында ол «тоғызқұмалақ түркі халықтарын біріктіру ісіне өз үлесін қоса алатын зияткерлік ойын болады деп ойлаймын. Сондықтан біз түркі дүниесі академиясы жұмысына осы тоғызқұмалақты қосқымыз келеді», депті.

***

«Биыл ҰБТ сынақтары жетінші мәрте өткізгелі жатыр. Бір дөкей көкеміздің: «алғашқы бес жылдан аман шыққан жобаның ғұмыры ұза-аақ болады» деген сөзі бар еді, сірә, тестілеудің бұл түрі мектеп бітірушілерді «өткелектен» өткізудің ұзақ мерзімді тәсіліне айналатын шығар. Алғашқы жылдардағыдай емес, тест алушылар да, тапсырушылар да бұл іске әбден маманданып алды. Құп делік. Алайда маманданып үлгерген тағы бір топ бар. Ол -ҰБТ-ны бизнес көзіне айналдырып алғандар», деп жазады «Айқын» газеті. Аталған жайтқа талдау жасалып жазылған жарияланымды басылымның сенбілік нөмірінде басылған «ҰБТ бизнес көзіне айналып барады» деген мақаладан оқи аласыздар.

«Картоп - қытайдікі, алма - ирандікі, қияр - өзбектікі. Қазақ сонда не өсіреді?». «Айқын» газетінде осы тақырыппен жарық көрген мақалада құнарлы жеріміздің кең байтақтығына қарамастан жеміс-жидектің, көкөністің елімізге көрші елдерден тасымалданып отырғандығына қынжылыс білдірілген. «Біз тап бір солтүстік полисте тұратын секілдіміз. Қазақстанның географиялық жағдайынан бейхабар турист егер көк базарға барса, тура осылай ойлар еді. Өйткені ондағы алма Ираннан, картоп пен помидор Қытайдан, ал қияр мен капуста Өзбекстаннан. Сонда бізде не өсіреді?», деп жазады басылым.

***

«Астана ақшамы» газетінің айқара бетінде суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбаймен арадағы сұхбат «Өз еңбектерімнің қандай екенін өзім де әлі түсіне бермеймін» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіме барысында қылқалам шебері «меніңше, өнер шынайы және шынайы емес болып бөлінеді. Егер мен өз өнерімді шынайы десем, артықтау болар еді. Өйткені, оны көрермен айтуы керек. Ал шынайы өнердің ең бірінші алғышарты - есепсіз жасалуы», деген пікірін білдіре кеткен.

***

«Казахстанская правда» газетінің сенбілік нөмірінде Грузияның бұрынғы президенті Эдуард Шеварднадземен арадағы сұхбат жарық көрді. Екуара әңгіме барысында ол «Біз Нұрсұлтан Әбішұлымен планетамыздағы әлемде жиырма бірінші ғасырдың межесінде түбірлі өзгерістердің, мен айтар едім, тектоникалық ығыспалардың куәгері болу маңдайына жазылған ұрпақтардың қатарына қосыламыз. Бостандықпен бірге біздің қолымызға оның салдарлары да тиді. Көптеген жерлерде кейде сырттан жағылған қақтығыс ошақтарының оты пайда болды. Бүкіл әлемге қатер төндіріп тұрған агрессияшыл сепаратизм адамдарға, соның ішінде менің халқыма да сан жеткісіз ауыртпалық алып келді. Әділеттілік пен Грузияның территориялық тұтастығын қалпына келтіру жолындағы бейбіт және саяси құралдармен жүргізіп жатқан күресімізде біз дәйім достарымыз тарапынан қолдауды сезінудеміз. Бұл істе құрметті Нұрсұлтан Әбішұлының жеке басының рөлін айрықша атағым келеді, өйткені агрессияшыл сепаратизмді айыптайтын бірлескен Декларация ТМД елдері басшыларының дәл Алматы саммитінде тұңғыш рет қабылданған болатын», деген.